Үш қаладағы жаңа жылу электр орталығын Ресей емес, қытай мен кәрістер салуы мүмкін

Қазақстандағы үш жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) Ресей емес, Қытай мен Оңтүстік Корея компаниялары салуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс 9 шілдеде халықпен кездесу барысында айтқан.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Самұрық-Энерго» басқа да шетелдік құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізіп жатыр. Нақты айтқанда, экологиялық талаптарға сай және энергия үнемдеу стандарттарына жауап беретін құрылысшылар қарастырылуда. Ірі компаниялар Қытай мен Оңтүстік Кореядан болуы ықтимал.
Бұған дейін Қазақстан Ресеймен бірлесіп үш қала: Семей (360 МВт), Өскемен (360 МВт) және Көкшетауда (240 МВт) жаңа ЖЭО салуды жоспарлаған. Кейін Көкшетаудағы станцияның орны Зеренді ауданына ауыстырылғаны хабарланды.
Бастапқыда ресейлік «Интер РАО» компаниясы осы жобалардың бас мердігері ретінде қарастырылған. Құрылыс жұмыстарына мердігер ұйымдар тартылуы тиіс болған. Жобаларды қаржыландыру үшін Ресей үкіметінен жеңілдетілген несие алу көзделген еді.
Алайда вице-премьер Роман Скляр бұл бағытта қиындық туындағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей тарапынан құрылысқа қажет жабдықтар үшін жеңілдетілген несие алу мәселесі шешілмей отыр. Егер бұл мәселе шешімін таппаса, Қазақстан басқа инвесторлар іздеуге мәжбүр болады.