
Бүгінде қазақ жастары әлемнің алпауыт компаниялары мен ең беделді ұйымдарында еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жүр. Ауылдан шығып, табандылықпен өскен, білім мен білікті басты құндылыққа айналдырған буын өкілдері. Назарларыңызға түрлі салада табысқа жеткен бірнеше қазақстандықтың жетістіктерін ұсынамыз.
Әділхан Қопабаев – Apple компаниясының аймақтық басшысы
29 жастағы ақтөбелік Әділхан Қопабаев бүгінде Apple компаниясының Орталық Азия мен Армениядағы бағыттарын басқарады. Әділхан Оңтүстік Кореядағы UNIST университетінде оқып, кейін Браун университетінде мемлекеттік басқару магистратурасын тәмамдаған.
Apple-ге дейін бірқатар халықаралық консалтинг және IT компанияларда еңбек еткен. Сонымен қатар, Қазақстандағы мұнай-газ секторында да жетекшілік қызметтер атқарды.
Арай Сабыржан – Google-дағы қазақ қызы
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін тәмамдаған Арай Сабыржан қазіргі таңда Калифорниядағы Google компаниясында Software Engineer ретінде жұмыс істейді. Бұған дейін Арай американдық Amplify Live стартапында тағылымдамадан өтіп, алғашқы тәжірибе жинаған.
Арай шетелге бейімделу, Кремний алқабындағы өмір және мансап жолындағы қиындықтар туралы ашық айтып, өз тәжірибесімен бөлісіп жүр.
Аман Өтемұратов – сабан тасып жүріп Google-ға жеткен ауыл баласы
Google-да жұмыс істеп жүрген тағы бір қазақ Аман Өтемұратов жайлы бұған дейін де жазған едік. Түркістан облысының ауылында өскен Аман бүгінде Google-дың Швейцариядағы кеңсесінде аға бағдарламашы болып еңбек етеді. Қазақ баласын маңсабын Қазкоммерцбанкте бастағанымен, жастайынан әлемдік деңгейге шығуды мақсат етіп, үздіксіз дайындалған.
2017 жылы Booking.com-ға жұмысқа орналасып, кейін Google компаниясына шақырту алған. Бүгінде армандаған өмірін отбасымен бірге Швейцарияда сүріп жүр.
Санжар Тайжан – Илон Маск компаниясының финалисі
Санжар Тайжан — The Boring Company ұйымдастырған Not-A-Boring Competition финалистерінің бірі. Оның командасы – The Warwick Boring – 390 команда арасынан үздік 12-ге енді.
Санжар — Ұлыбританиядағы University of Warwick түлегі. Сонымен қатар, ол TaiSan атты стартаптың негізін қалап, электромобильге арналған арзан әрі қауіпсіз аккумулятор технологиясын жасап шығарды.
Әйгерім Алтынбек – Андреа Бочеллимен бірге сахнаға шыққан қазақ қызы
Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италиядағы әйгілі La Scala академиясына қабылданып, әлемдік опера жұлдызы Андреа Бочеллимен дуэт орындады. Алдын ала іріктеуге 400-ден астам адам қатысып, 12 үздік әнші таңдалған. Соның бірі – Әйгерім.
Әйгерім халықаралық вокал байқауларының жүлдегері, әйгілі композитор Джакомо Пуччиниге арналған байқауда жеңімпаз, Рената Тебальди атындағы жарыста екінші орынды иеленген. Оған италиялық опера аңызы Мирелла Френидің арнайы сыйлығы да берілген.
Альбина Бунеску – «Реал Мадридтің» маркетологы
Павлодарлық Альбина Бунеску – әлемдегі ең бай футбол клубы «Реал Мадрид»-те ресми жұмыс істейтін алғашқы қазақстандық. Альбина Мадрид университетінде спорттық маркетинг мамандығы бойынша магистратурада оқып жүріп, үздік төрт студенттің қатарынан табылып, әйгілі клубта қызмет етуге мүмкіндік алған.
Бүгінде Альбина Real Madrid Marketing Team құрамында жұмыс істеп, халықаралық жобаларға қатысып, әлемге танымал клубтың дамуына өз үлесін қосып жатыр.
Балнұр – Париждегі Michelin жұлдызы бар мейрамханада тәжірибеден өткен қазақ қызы
Балнұр – әлемнің үздік аспаздық мектептерінің бірі саналатын Le Cordon Bleu түлегі. Оқу кезінде қайда тәжірибеден өтетінін ұзақ ойланып, ақыры таңдауы Франция астанасындағы Ze Kitchen Galerie мейрамханасына түсті. Бұл мейрамхана 2008 жылдан бері Michelin жұлдызына ие, ал шеф Уильям Ледеуай өзінің ерекше азиялық-француз стилімен танымал.
Балнұрдың беделді мейрамханаға қалай жұмысқа орналасқаны туралы бұған дейін де жазған едік. Apple, Google, Real Madrid, La Scala немесе Michelin жұлдызды мейрамханасы болсын — қазақ жастары бүгінде кез келген салада бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп отыр.