
inDrive халықаралық сервисінің негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский өзінің сүйіктісі туралы Instagram парақшасында жазып, жеке өміріне қатысты ашық мәлімдеме жасады.
Кәсіпкердің жүрегін жаулаған ару — қазақстандық Камила Лұқпанова болды. Лұқпанова Almaty Tourism Bureau мекемесінің жетекшісі әрі еліміздегі урбанистика саласының белсенді мамандарының бірі.
«Қалаларды дамыту, болашаққа арналған идеялар, ауқымды жобалар — бәрі оның қолында. Қарапайым отбасынан шыққан бойжеткен бүгінде CEO деңгейіне жетті, провинциялық мектептен — әлемнің үздік университеттерінің біріндегі магистратураға дейін оқып шықты. Өмірде үнемдеуден бастап, бүкіл елге әсер ететін әлеуметтік жобаларға дейін жолдан өтті. Бірақ мен үшін ол — жай ғана Кама. Күшті, нәзік, ақылды. Онымен күн сайын бірге болу — мен үшін бақыт», — деп жазды Арсен Томский.
Камиланың өзі — Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының тумасы. Кейін Алматыға қоныс аударып, KIMEP университетінде жоғары білім алған. Қазіргі уақытта «Tana» қоғамдық қоры бар. Бұл ұйым Алматы қаласында халыққа арналған жайлы қоғамдық кеңістіктер құрумен айналысады.
Ал Арсен Томский Саха Республикасынан шыққан кәсіпкер, 2022 жылдан бері Қазақстанда Алматы қаласында тұрып келеді. 2024 жылдың мамыр айында Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері рейтингінде $920 млн байлығымен 10-орынға жайғасқан.