Дастан Сәтбаев Чемпиондар лигасында алғашқы голын салды (видео)

Футболдан Қазақстан чемпионы «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңін сырт алаңдағы тең нәтижемен бастады. Команда Словенияның «Олимпия» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады. Алматылықтардың жалғыз голын небәрі 16 жастағы Дастан Сәтбаев соқты.
Матч екі команда үшін де қиын болды. Грек төрешісі Христос Вергетис сегіз сары қағаз (4+4) көрсетті. Допқа иелік етуде басымдық иесі көбіне алаң иелерінде болды, алайда «Қайрат» қауіпті қарсы шабуылдармен жауап беріп отырды.
59-минутта Жоржиньоның пасынан жас ойыншы Дастан Сәтбаев есепті ашты. Осылайша 16 жастен 10 ай 26 күн асқан Сәтбаев Чемпиондар лигасында гол соққан алғашқы қазақстандық футболшы атанды.
Гол соғылғаннан кейін «Олимпия» шабуылды үдете түсті. «Қайрат» қақпашысы Александр Заруцкий бірнеше рет керемет сейвтерімен көзге түсті. Дегенмен 66-минутта Жоржиньоның отандасы Диого Пинту жақын қашықтықтан дәл соққымен есепті теңестірді – 1:1.
Матчтың қалған бөлігінде алматылықтар қорғанысқа ден қойды. Словениялықтар жеңіс добын соғуға бар күшін салды. Алайда Заруцкий мен матчтың үздік ойыншысы атануға лайық Еркін Тапаловтың ерлікке пара-пар ойындары арқасында «Қайрат» есепті сақтап қалды.
Жауапты матч 15 шілде күні Алматыда өтеді. Билеттерді Ticketon сайтынан алуға болады.