Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты: Кира Данилова туған күнінде алтын иеленді

Жарияланды 9 Шілде 2025 09:22

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Кира Данилова туған күнінде алтын иеленді / фото: olympic.kz

Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Кира Данилова 8 шілде өзінің туған күнінде алтын медаль жеңіп алды. Данилова 198 келі (87+111) зілтемір көтеріп, мансабындағы ең үздік нәтиже көрсетті.

Чемпионаттың бесінші күнінде топ жарған Кира үшін бұл жеңіс туған күнімен тұспа-тұс келді. Ал екінші орынға 186 келі (81+105) көрсеткішімен өзбекстандық Динура Холдорова жайғасса, үшінші орынды тағы бір қазақстандық Софья Шальгина иеленді – 175 келі (82+93).

Азия рекордын жаңартқан Полубояринов

Сол күні ерлер арасында 94 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі — Денис Полубояринов Азия чемпионы атанды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 376 келі (163+213) көтеріп, қарсыластарын айқын басымдықпен артта қалдырды.

Айта кету керек, Денис серпе көтеру сайысында жаңа Азия рекордын орнатты. Күміс медальді өзбекстандық Руслан Рахматжонов (345 кг), ал қола жүлдені Бахрейн атлеті Джон Мурилло (334 кг) еншіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін 79 келіге дейінгі салмақта Едіге Емберді Азия чемпионы атанып, рекорд орнатқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз