Қазақстандық спортшы Сауд Арабиясында қамауға алынды

Қазақстандық спортшы, пауэрлифтингтен Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері Сергей Веселов Сауд Арабиясының Медина қаласында ұсталып, тергеуге алынған. Бұл туралы оның әкесі хабарлады.
Әкесінің айтуынша, Сергей 19 маусым күні Астанадан Ыстанбұл арқылы демалысқа ұшып кеткен. Алғашқы апта бойы отбасымен байланыста болған, алайда кейін кенеттен хабарсыз қалған. Іздеу барысында туыстары Медина қаласында екендігін анықтаған, бірақ нақты қай жерде, қандай баппен ұсталғаны белгісіз.
«Қазір біз оның тірі екенін ғана білеміз. Тергеуде жатыр. Қай бөлімде отырғаны және қандай бап бойынша айып тағылғаны бізге айтылмай отыр. Консулмен сөйлесіп едік, уақыт керек дейді. Ұлым Сауд Арабиясында, Медина қаласында екенін растады», – деді спортшының әкесі.
Бұл ақпаратты «За нами выехали» телеграм арнасына ҚР Сыртқы істер министрлігі растады. Министрліктің мәліметінше, Сергей Веселов Сауд Арабиясының құқық қорғау органдарымен ұсталған, әзірге ресми айып тағылмаған, тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Сергей Веселов – Шығыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері және Азия чемпионы. Қазіргі таңда оның отбасы адвокат пен аудармашы жалдауға қажетті қаражат жинаумен айналысып жатыр.