Жаңалықтар

«Жағдай жалпы мәз емес»: Тоқаев су саласын цифрландыру жұмыстарына баға берді

су шруашылығы
Тоқаев су шаруашылығы мамандарын құттықтады / Фото: Ақорда

Елімізде су саласын цифрландыру жұмыстары тым баяу жүріп жатыр. Бұл туралы су шаруашылығы саласының қызметкерлерін марапаттау салтанатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Су үнемдеу – алдымызда тұрған аса маңызды стратегиялық міндет. Бұл мәселеге қатысты цифрландыру жұмысын жүргізу өте өзекті. Оны қарқынды түрде жүзеге асыру керек. Шындығын айтсақ, қазіргі жағдай жалпы мәз емес», – деді президент.

Сонымен бірге Тоқаев қазақ даласының көп бөлігі шөлейтті жерлер екенін, сол үшін суды үнемдеу маңызды екенін атап өтті.

«Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында, – деді.

Мемлекет басшысы елде суды ұтымды әрі үнемді пайдалану үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғанын, ауқымды реформалар қолға алынып, жаңа Су кодексі қабылданғанын атап өтті.

«Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда. Қазір осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде», – деді Тоқаев.

Бұдан бөлек президент су шаруашлығы саласының қызметкерлері үшін жалақы көтерілетінін хабарлады. Айта кетейік, осы жылдың ортасынан бастап, су саласында қызмет ететін мамандардың жалақысы 50%-ға артады.