Елде тіркелген қытайлық компаниялардың 70%-ы Алматыда жұмыс істейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock

Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлық компаниялардың 70%-ы Алматыда тіркелген. Ал қаладағы барлық сауда-саттықтың үштен бірі қытайлық компаниялар арқылы жүзеге асады. Бұл жайлы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов Qazaq Invest форумында айтты.

«Екі ел басшылығы арасындағы үлгілі қарым-қатынас пен қала әкімдігінің толық қолдауы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа себеп болады. Қазір Қазақстанда тіркелген қытайлық компаниялардың шамамен 70%-ы Алматыда табысты жұмыс істеп жатыр. Қала саудасының үштен бір бөлігі Қытаймен байланысты және бұл көрсеткіш 8 млрд долларынан асты. ААлайда біз барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге зор әлеует бар екенін көріп отырмыз», – деді ол.

Смағұловтың дерегінше, Алматы индустриялық аймағы мен инновациялық жобаларға бағытталған «Алатау» арнайы экономикалық аймағында шетелдік инвесторларды қабылдауға дайын. Бұл аймақтарда қазір 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы инвестиция көлемі 1 млрд доллардан асты. Қытай серіктестерімен бірге бұл аймақтарды кеңейту жұмыстары басталды.

Ол Алматы тау кластерін халықаралық стандарттарға сай дамыту үшін қала маңында 50-ден астам жаңа қонақүй, оның ішінде бес жұлдызды қонақ үйлер салынып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жобаларға қытайлық серіктестерді белсенді қатысуға шақырды.

Қазір Chery, BYD, Haval секілді автокөліктер шығаратын мультибрендті зауыт салынып жатыр. Смағұловтың сөзінше, кәсіпорындар құрылысы келесі жылы аяқталуы керек.

Жаңа автокөлік зауытының құрылысы жайлы осыған дейін хабарланған еді. Ол кәсіпорын жылына қытайлық брендтегі 90 мың көлік шығарады, 3600 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Сондай-ақ оқыңыз