
Ойыншық өндіретін Mattel Inс. компаниясы бірінші типтегі диабетпен ауыратын Барбидің қуыршағын шығарды. Ойыншықты америкалық компания диабет ауруын зерттеумен айналысатын Breakthrough T1D атты ұйыммен бірігіп шығарған.
Қуыршақ қандағы қант мөлшерін үнемі өлшеуге арналған құрылғы тағады. Қант деңгейін бақылауға көмектесетін қосымшасы бар мобильді телефоны және инсулиндік помпасы да бар.
«Barbie балалардың әлем туралы алғашқы көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі. 1-типті қант диабеті сияқты түрлі ауруларды көрсету арқылы біз балалардың өздерін ойлап тапқан оқиғаларда және сүйікті қуыршақтарында көре алуын қалаймыз», — деді Barbie бренді бойынша аға вице-президент және Mattel компаниясының жаһандық қуыршақтар бөлімінің жетекшісі Криста Берджер.
Mattel компаниясы да алты жыл бұрын түрлі аурулары бар Barbie қуыршақтарын шығара бастаған. Қазіргі таңда олардың ассортиментінде көру қабілетінен айырылған қуыршақтар, Даун синдромы бар қуыршақтар, протездері бар немесе арбада отыратын қуыршақтар бар.
Ал ирландиялық Lottie қуыршақтар бренді Даун синдромы мен аутизмі бар қуыршақтарды жасап шығарған. Даттық Lego компаниясы да денсаулығында көрінетін немесе көрінбейтін мәселелері бар мини-фигуркаларды өндіруді бастады.
Қазір трендтегі ойыншықтың бірі – Лабубу мүсіншелері. Жақында бұл қуыршақты шығаратын Pop Mart акциялары бірден 200%-ға көтерілді.