Қытайлықтар Алматыға 10 млрд доллар құйып, тетрапакет өңдеу зауытын салады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстан Қытай қоры
Kazakh-Asia Investment Fund қорын құру туралы меморандумға қол қою сәтінен / Фото: Kursiv Media

Қытай және Қазақстан тарапы жалпы капиталы 5,25 трлн доллар болатын Kazakh-Asia Investment Fund атты қор құрды. Ол қор аясында Қазақстанға 10 млрд долларға дейін инвестиция құйылады. Алматыда өткен QAZAQ INVEST FORUM 2025 форумында арнайы меморандумға қол қойылды.

«Бұл қор халықаралық «Астана» қаржы орталығының базасында болады, қытайлық тарап Алматыда орналасқысы келеді. Макао тобы деп аталатын арнайы инвестициялық қор бар. Ол жерде тек қытайлық қана емес сингапурлық, малайзиялық инвесторлар да болуы мүмкін. Және олар осында, Қазақстан базасына орналасқысы келеді. Бастапқыда 10 млрд долларға дейін инвестиция салуға дайын. Егер үкімет көмектессе, Қазақстан ол қаржыны жобаларына пайдалана алады», – деді форумды ұйымдастырушы «Байтақ» партиясы төрағасының орынбасары Қадырбаев Ерлан.

Әзірге қор құру туралы меморандум жасалды. Енді компаниялар қаржы орталығы базасында тіркелуі қажет.

Алматыда тетрапакет шығаратын зауыт салынады

Форум аясында жалпы құны 224,7 млрд теңгені құрайтын тағы сегіз меморандумға қол қойылды. Оның аясында қытайлық инвесторлар Алматы, Алматы облысы, Жетісу облысы және Ұлытау өңірлеріне жаңа жобалар жүзеге асырады.

Солардың бірі – Алматыда тетрапакет өңдеу кәсіпорны. Оны PayPal атты қытайлық компания салады, инвестиция құны 40 млн долларға тең. Олар босап қалған қаптама қағаздарын жинап, қайта өңдеуден өткізеді. Зауыт жұмысына 500 адам жұмылдырылады.

Форум ұйымдастырушыларының дерегінше, қазір Алматы және Алматы облысына автокөлік бөлшектерін шығаратын 2-3 зауыт орналасуға дайын. Құны 150 млн доллар болатын кәсіпорын ауыл шаруашылығы және жүк техникасын шығарғысы келеді.

Ал екінші кәсіпорын – Электромобильдерге арналған тежегіш жүйелерін өндіру зауыты. Инвестор – Zichen Group компаниясы, инвестиция көлемі 41,8 млрд теңге. 6 мыңға дейін жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

«Олар тек Қазақстан нарығын ғана емес Еуропаға экспорттауды да қарастырып отыр. Бұл біз үшін қызықты болып тұр. Себебі біз тек транзит қана болмаймыз, біздің аумағымызда өндіруші кәсіпорындар салынып, ары қарай оны (тауарларын – ред.) экспорттайды», – деп түсіндірді Ерлан Қадырбаев.

Оның атап өтуінше, аталған зауыттарда бастапқыда инвесторлар әкелген инженерлер болады. Бірақ болашақта барлық жұмысшылар 100% Қазақстаннан болу керек деген талап қоймақшы.

Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда байланысы жыл сайын артып жатыр. Ресми дерекке сүйенсек, былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі 44 млрд долларға дейін жеткен.

Елімізде тіркелген қытайлық компаниялардың 70%-ы Алматыда орналасқан. Мегаполистегі сауда-саттық көлемінің үштен бірі қытайлық компаниялар арқылы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ оқыңыз