Алматының қақ ортасында газбен жүретін автокөлік өртенді

Сәрсенбі, 9 шілдеде Алматы қаласының Әл-Фараби және Назарбаев даңғылдарының қиылысында газ қондырғысымен жабдықталған автокөлік өртенді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, мегаполист орталығындағы өрт сөндірілді. Алайда көмек кеш шақыртылуына байланысты, көлікті сөндіру қиынға түскен. Құтқарушылар газбен жүретін автомобильдің жол бойында тұтануына не себеп болғанын анықтап жатыр.
«Газ жабдығы бар автомобильдерді пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, жүйеге үнемі техникалық қызмет көрсету қажет», – деп ескертті төтенше жағдайлар министрлігі.
Естеріңізге сала кетейік, 9 шілдеге қараған түні Алматы облысы әкімінің орынбасары жол апатына ұшырады. Шенеунік Талғар қаласындағы ауруханаға түсті.
6 шілдеде Қарағанды облысы аумағындағы жолда ірі жол апаты болып, жеті адам қаза тапқан. Соған байланысты «ҚазАвтоЖол» азаматтарға жол ережесін сақтауға, мұқият болуға кеңес берген.