Алматы облысы әкімінің орынбасары жол апатына ұшырады

9 шілдеге қараған түні Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев жол апатына ұшырады. Шенеунік Талғар қаласындағы ауруханаға түсті.
«Жол апатына ұшыраған науқастың жағдайы тұрақты. Есін біледі. Оған Алматы облысында бекітілген хаттамаға сай медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Төңкеріс-Байсерке автожолында болған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.
«Өңір полициясы жолдағы азаматтардың бәріне жол ережесін қатаң сақтауға кеңес береді. Әсіресе қаланың сыртындағы күре жолдарда, түнгі уақытта мұқият болуға шақырады», – деп мәлімдеді полиция.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қарағанды облысы аумағындағы жолда ірі жол апаты болып, жеті адам қаза тапқан. Соған байланысты «ҚазАвтоЖол» азаматтарға жол ережесін сақтауға, мұқият болуға кеңес берген.