Жаңалықтар

Еуропада он күнге созылған аптап ыстықта 2300 адам қайтыс болды

Биыл Еуропа аптап ыстықтан қатты зардап шегіп жатыр / фото: shutterstock
Биыл Еуропа аптап ыстықтан қатты зардап шегіп жатыр / фото: shutterstock

Еуропаның 12 қаласында он күнге созылған аптап ыстықтан шамамен 2300 адам қайтыс болды. Бұл туралы Reuters ғалымдардың зерттеуіне сүйене отырып хабарлады.

Еуропада екі аптаға созылған ыстық күндер шілденің басында ғана сәл басылды. Әсіресе Батыс Еуропа күннің күрт ысуынан қатты зардап шекті. Испанияда ауа температурасы 40 градустан асып түссе, Францияда ормандар өртенді. Оның зардаптары енді ғана мәлім болып жатыр.

Лондондағы екі ғылыми мекеме ғалымдары бірлесіп жүргізген зерттеу бойынша, он күнде қайтыс болған 2300 адамның ішінде 1500 адамның ажалы климаттың өзгеруіне, күннің шамадан тыс ысуына байланысты болған.

«Климаттың өзгеруі жазғы күндерді одан сайын ысыта түсті. Енді аптап ыстықтың өзі қауіпті бола түсті», – деп мәлімдеді Лондон империя колледжінің зерттеушісі Бен Кларк.

Зерттеу 12 қалада жүргізілген. Олардың арасында Барселона, Мадрид, Лондон және Милан бар. Ғалымдардың айтуынша, климаттың өзгеруіне байланысты жазғы күн 4 градусқа дейін көтерілген.