Қорғаныс университетінен Назарбаев атын алып тастайды

ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің атауы өзгереді. Ондағы «елбасы» сөзі түсіп қалып, ЖОО атауы жай ғана ҚР Ұлттық қорғаныс университеті болып қалады. Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі туралы ережені бекіту туралы» үкімет қаулысына өзгерту енгізгелі жатыр.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің атауын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті деп өзгерістер енгізу көзделген», – деп жазылған құжат жобасында.
Жобаны талқылау 18 шілдеге дейін созылады.
Жоғары оқу орнының атауынан экс-президент атын алып тастайтыны 2023 жылы айтыла бастаған. Сол кезде депутаттар қорғаныс университетінің атауын өзгертуді ұсынған. Олар «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңы күшін жойғанын алға тартқан.
Қазақстан Республиканың ұлттық қорғаныс университеті Қарулы күштер мен басқа да арнайы мемлекеттік органдар үшін офицерлер дайындаумен айналысатын жоғары әскери білім беру мекемесі. Университет 2003 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ашылған. Ал 2018 жылы ЖОО соның атымен атала бастаған.
2023 жылғы ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президентті Елбасы мәртебесінен айыратын заңға қол қойды. Оның алдында Назарбаев «Құрметті сенатор» мәртебесінен айрылған.
2025 жылғы 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев 85 жасқа толды. Оны президент Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтап, экс-президенттің ел тарихындағы маңызды рөлін атап өтті.