Парижде тұратын қазақ жігіті «Қыз Жібек» парфюмін нарыққа шығарды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Kiz Jibek парфюмі TOLEGEN Paris брендімен сатылады / фото: tolegenparis.com
Kiz Jibek парфюмі TOLEGEN Paris брендімен сатылады / фото: tolegenparis.com

Франция астанасында тұратын этникалық қазақ «Қыз Жібек» парфюмін Париж нарығына шығарды. Жаңа тауар TOLEGEN Paris брендімен сатылады.

Қытайда туған Франция қазағы

Нұржан Төлеген Қытайдың Іле Қазақ өңірінде туған этникалық қазақ. Оның балалық шағы Құлжада өткен. Қазір Франция астанасында тұрады.

«Мен Қытайға қоныс аударған қазақтың шөбересімін. Арғы ата-әжелерім азаматтық соғыс жылдарында шетелге кетуге мәжбүр болған. Олар атамекеннен алыстаса да қазақ рухын ұмытқан емес», – деп жазды қазақ жігіті өзінің сайтына.

2021 жылы қазақ даласын алғаш рет аттаған жас жігіт бір ай уақытын атамекенмен танысуға арнайды.

«Қазақстанда өткізген осы төрт апта ішінде жаңадан туғандай болдым. Жазғы күннің нұрында қар жамылған тауларға шығып, шексіз кең қазақ даласында көлеңкеммен жарыса шауып, қарағай мен жусанның жылы иісі, маңдайымды сипаған жайлау самалында біртүрлі таныс сезімге бөлендім», – деп сипаттайды Нұржан тарихи Отанына алғашқы саяхатын.

Tolegen Paris бен Kiz Jibek

Қазақстанға сапарынан керемет әсер алған кәсіпкер жаңа бизнес бастауға бел буады.

«Францияға оралған соң, осы жеке сапарымнан шабыттанып, люкс әтір (жоғары парфюмерия) үйі – Tolegen Paris қоғамын құрдым. Tolegen менің тегім, әрі XVI ғасырдағы қазақ жырында суреттелген ержүрек батырдың есімі».

Франция қазағы 2025 жылғы мамырда Париж нарығына Kiz Jibek деп аталатын парфюм шығарды. Автор оны «мәңгілік махаббатты тойлайтын иіссу», «жусанмен жұпарланған хош иіс» деп сипаттаған.

Kiz Jibek парфюмініңқұтысы қазақ оюымен безендірілген / коллаж: Kursiv.Media
Kiz Jibek парфюмініңқұтысы қазақ оюымен безендірілген / коллаж: Kursiv.Media

«Tolegen Paris қоғамының Kiz Jibek әтірі 16 ғасырдағы қазақ даласының «Қыз Жібек» лирикалық жырын қайта жаңғыртады», – деп жазылған люкс санатындағы өнім сипаттамасында.

«Қыз Жібек» жыры 2008 жылы ЮНЕСКО-ның халықаралық мәдени мұра тізіміне енген. Махаббат дастаны 1934 жылы операға бейімделсе, 1970 жылы ол туралы кино түсірілген.

«Қыз Жібек» – лирикалық аңыз махаббатты, еркіндікті және феминизмді жырлайды. Kiz Jibek әтірі дәстүр мен заманауилықты үйлестіре отырып, әйелдің күш-қуаты мен еркіндігіне тағзым етеді».

Парфюм қанша тұрады?

Енді ғана Парижде саудалана бастаған соны өнімнің Қазақстан нарығына қашан түсері әзірге белгісіз. Бірақ оны Tolegen Paris қоғамының сайтынан тапсырыспен алдыртуға болады. Сайт қазақ, француз, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде қызмет көрсетеді.

«Tolegen Paris люкс әтір үйі ғана емес, ол Шығыс пен Батыстың дәнекері.  Қолөнер шеберлігі мен мәдениеттер көркемдігінің салтанаты. Туындылардың әрқайсысы мені өзгерткен саяхаттан бір әңгіме, бір сезім, бір үзінді, – деп жазды Нұржан Төлеген.

Кәсіпкер тұтынушыны өзімен бірге «еркіндік, мұра және талғампаздықты жырлаған хош иіс сапарына аттануға» шақырады. Люкс санатындағы Kiz Jibek парфюмінің үлкен құтысы (100 мл) 235 еуро, ал кішкентай құтысы (15 мл) 39 еуро тұрады.

Сондай-ақ оқыңыз