Түркістанда жүздеген кәсіпорын жұмысшылардың әлеуметтік төлемдерін бермеген

Түркістан облысында 6 мыңнан аса кәсіпорын бар. Оның 225-і жоғарғы тәуекелді кәсіпорын қатарына кірген. Дені жұмысшылардың міндетті әлеуметтік төлемдерін төлемеген. Жұмысшылардан еңбек жағдайларына қанағаттанбау және жалақы қарызы туралы шағымдар да түскен. Мысалы, облыста бір мекеменің 44 жұмысшысына 101 млн теңге көлемінде еңбекақы қарызы бар. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Амангелді Әліш Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте айтты.
Амангелді Әліштің айтуынша, Түркістан облысында 6112 кәсіпорын бар. Оның 225-і – жоғарғы, 366-ы – орташа тәуекелді кәсіпорындар санатына кірген. Ал қалған 5521 кәсіпорында тәуекел анықталмаған.
«Тәуекелі жоғары 225 мекемеге толық талдау жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұл кәсіпорындар әлеуметтік төлемдерді төлемегендер қатарына енгізілген. Мысалы, 20 кәсіпорында міндетті зейнетақы қолданымдары, әлеуметтік аударымдар, міндетті медициналық сақтандыру төлемін уақытылы төлемеген. Бұдан бөлек әлеуметтік төлемдерді тұрақты аудармайтын кәсіпорындар анықталып, олармен заң талаптарына сәйкес жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге бұл мекемелерде туындауы мүмкін жаңа қарыздар мен еңбек дауларының алдын алу мақсатында аудан, қала әкімдерімен тығыз байланыс орнатылған»,– деді департамент басшысы.
Сонымен бірге тәуекелді кәсіпорындар тізіміне енген мекемелерден департаментке еңбек жағдайларына қанағаттанбау және жалақы қарызы туралы шағымдар түскен.
«Өткен 6 айда 6 кәсіпорын 5 мыңға жуық жұмысшысына жалақысын уақытылы бермеген. Ондағы жалпы жалақы мөлшері – 454 млн теңге. Қазір бұл қарыз өндірілді. Қазіргі таңда тағы бір мекеменің 44 жұмысшысы 101 млн теңге еңбекақысын ала алмай жүр. Жұмыс берушіге әкімшілік шара қолданылған. Сот орындаушылары мекеменің банк шоттарын бұғаттап, жұмысшылар алдындағы қарызын өтеу амалын жасап жатыр» ,– дейді Амангелді Әліш.
Еске салайық, осыған дейін Ақсу ферроқорытпа зауыты («Қазхром» құрамына кіреді) экология талаптарын бұзғаны үшін 855 млн теңге айыппұл төлегені жайлы жазған едік.