ТЖМ көпқабатты үйлердің терезелеріне тегін құлып орната бастады

Балалардың терезеден құлап кету оқиғаларынан кейін қазақстандық құтқарушылар пәтерлерге терезе құлпын орната бастады.
ТЖМ құтқарушылары көпқабатты үйлердегі пәтерлерде қорғаныш терезе блокираторларын орнату бойынша республикалық акция өткізуде. Аталған шара аясында кішкентай балалары бар отбасылардың пәтерлеріне терезеге арналған қорғаныс құлыптары тегін орнатылады.
«Бұл бастама аясында ерекше назарды қажет ететін отбасылардың үйлерінде қазіргі уақытта 2500-ден астам қорғаныш құрылғысы орнатылды»,– делінген хабарламада.
Алдымен көмек көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүгедектігі бар балалары бар жанұяларға көрсетіледі.
Өкінішке қарай, елде балалардың терезеден құлап кету жағдайлары жиілеп кетті. 2025 жылдың басынан бері 40-тан астам оқиға тіркелген. Оның басым бөлігі — жоғарғы қабаттағы ашық терезелер мен қорғаныс құралдарының болмауының салдарынан болған.
Еске салайық, Астанада бір күнде төрт бала терезеден құлап кетіп, олардың екеуі қаза тапқан болатын. Аман қалған екі баланың жағдайы ауыр.
Сондай-ақ Шымкентте де 2 жасар бала алтыншы қабаттан құлап қайтыс болды.