
Жапондық Toyota компаниясы аты аңызға айналған Celica моделін қайта шығаратынын ресми түрде растады. BestCarWeb порталының хабарлауынша, жаңа GR Celica 2027 жылы таныстырылады.
Toyota GR Celica орта моторлы, яғни қозғалтқыш көлік салоны мен артқы ось арасында, жүргізуші кабинасының арт жағында орналасады. Бұл – модельдің басты ерекшеліктерінің бірі болмақ.
Сондай-ақ GR Celica биіктігімен де таңғалдырады — бар болғаны 1,2 метр. Көліктің шатыры мен капоты көміртекті талшықтан (карбоннан) жасалады, бұл оның салмағын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Орта моторлы Celica-да алдыңғы және артқы капот бар. Алдыңғы капоттың астына қосалқы доңғалақ орналастырылады. Артқы бөлігінде — қозғалтқыш пен шағын жүксалғыш үшін бөлек капот қарастырылған.

Дереккөздерге сүйенсек, Toyota GR Celica 400 ат күші бар, 2.0 литрлік, 4 цилиндрлі турбоқозғалтқышпен жабдықталады. Автокөлік толығымен бензинмен жұмыс істейді және толық жетекті болады.
Шығу мерзімі мен бағасы
Модельдің ресми таныстырылымы 2027 жылдың басына жоспарланған, ал сатылымы 2028 жылдың сәуірінде басталуы тиіс. Toyota GR Celica-ның бастапқы бағасы 8–10 миллион иен аралығында болады, бұл шамамен 28,4–35,5 миллион теңге.
Осыған дейін жапондық компания Crown седанының 70 жылдық мерейтойына арналған арнайы нұсқасын ұсынған болатын. Crown 70th Anniversary Edition атауын алған бұл саны шектеулі үлгі Жапония нарығына ғана шығарылады. Оны тек тапсырыс беру арқылы сатып алуға болады