Алматыда Абай даңғылының бір бөлігі уақытша жабылады

Жылу желілерін жөндеуге байланысты Алматыдағы Абай даңғылы бір түнге жартылай жабылады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 11 шілде күнгі сағат 23:00-ден бастап 12 шілде күні сағат 08:00-ге дейін Абай даңғылы бойымен батыс бағытта, нақтырақ айтқанда, Назарбаев даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы жартылай шектеледі. Шығыс бағыттағы қозғалыста өзгеріс жоқ.
«Уақытша шектеулер жылумен жабдықтау желілерін алдағы жылыту маусымына дайындау аясында 1988 жылы пайдалануға берілген магистральдық құбыр желісін жөндеу жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр»,–делінген хабарламада.

Айта кетейік, 10 шілдеге дейін Мамыр көшесінде Абай даңғылынан Медеубеков көшесіне дейінгі аумақта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары жүретін аумақтың ұзындығы шамамен 650 метр. Соған байланысты Мамыр көшесінде қозғалыс уақытша шектелген.