
Шымкентте адам өлтіріп, мәйітін қорлаған деген 19 жастағы жігіт пен оның серігіне қатысты үкім оқылды. Сот Нұрсұлтан Тойлыбай «Адам өлтіру» және «Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау» бабымен кінәлі деп танып, 22 жылға бас бостандығынан айырды. Ал онымен бірге істі болған 18 жастағы Дінмұхаммед Сейітбек «Қылмысты жасырып қалу» бабымен айыпталып, 1 жыл 4 айға бас бостандығы шектелді. Істі Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Қалалық соттың мәліметінше, ІІІ топ мүгедегі Тойлыбай кінәсін ішінара мойындап, шын өкінетінін жеткізген. Ал оның серігі Сейітбек кінәсін толық мойындаған. Екі сотталушы да бұрын-соңды істі болмаған.
Қайғылы оқиға биыл 12 наурызда болған.
17 маусым күні жарыссөзде прокурор Әскербек Пошимов айыптау актісін оқыған. Айыптау актісіне қарағанда, Нұрсұлтан Тойлыбай марқұм 17 жастағы Береке Ерланқызымен 2024 жылдың наурыз айында Instagram желісі арқылы танысқан. Кейін қыздың кездесуден бас тартып, қарым-қатынасты үзу ниетінің арты осындай қайғылы оқиға әкелген.
Күдіктілерге қатысты сот 17 маусымда басталған.