Жаңалықтар

LiveGood қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды

Қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды/фото: Kursiv.media

LiveGood қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Тергеуді агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген. Іс қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру фактілері бойынша жүргізілді.

«LiveGood» компаниясы дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды сату түріндегі желілік маркетинг ретінде көрініп, шын мәнінде салымшыларды тарту арқылы кепілдендірілген табыс уәде етіп отырған», – делінген ақпаратта.

Оның ішінде өнімді сатып алу міндетті болмаған. Қатысушылардың табысы тікелей түрде жазылу құны 50 АҚШ долларынан басталатын жаңа адамдарды тартуға байланысты болған.

Салдарынан 80-нен астам азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналды.

«Салымшылардың қаражатын заңдастыру мақсатында күдікті оларды криптовалюта биржасы арқылы заңсыз операциялармен шығарып, кейін туыстарының шоттарына аударған», – деп хабарлады агенттік.

Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа ол Ақтау қаласынан екі пәтер мен Lexus автокөлігін сатып алған. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны – 43 млн теңге.

Сот санкциясымен 132 млн теңге көлеміндегі есепшоты мен мүлкіне тыйым салынды.

Күдіктіге үйқамаққа алынды. Іс сотқа жолданды.