Енді әкімдік «барахолкадағы» жабайы сауда үшін полицияны күтпей айыппұл сала алады

Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Ләззәт Жылқыбаева Солтүстік айналым көшесі бойындағы жайма базарлар мен жерасты, жерүсті өткелдеріндегі заңсыз сауда нүктелерімен күрес жайында айтып берді.
Әкім заңсыз саудамен күресте жиі жүргізілетін рейдтер мәселені толық шеше алмай отырғанын мойындады. Десе де Айнабұлақ ықшамауданы Жұмабаев көшесіндегі жабайы сауданы тоқтату бағытындағы жұмыстар бірқатар нәтиже берген. Ол жерде әкімдік пен жергілікті тұрғындар ортақ чат ашып, жаңа заңсыз сауда нүктесі пайда болған жағдайда тұрғындар чатқа жолдап, әкімдік бірден әрекет етуге көшкен.
Ал Солтүтік айналым көшесі бойындағы жерасты және жерүсті өткелдеріндегі жағдай біршама күрделілеу. Әкімнің сөзінше, күннің жылынуымен ол жақта сауда қыза түседі. Аталған мәселені шешу үшін әкімдік бірқатар шараларды пысықтап жатқанын жеткізді. Соның бірі – полицияның қатысуынсыз айыппұл рәсімдеу.
«Қазір бір жаңа шара бар – бұрын хаттаманы тек полиция департаментінің қызметкерлері ғана толтырса, енді аудан әкімдігі мамандарына да бұл мүмкіндік беріледі. Яғни, нақты нүктелер анықталған жағдайда, басқа мемлекеттік органдарды күтпестен өзіміз барып, хаттама толтыра аламыз», – деді Ляззат Жылқыбаева өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Бұған дейін, Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Сайран көліндегі қайғылы жағдайлар байланысты пікір білдірген.