Аптап ыстықта жан сауғалау: қапырық кезіндегі спорт пен секс

Жарияланды
аптап
Аптап ыстықта жан сауғалау: қапырық кезіндегі спорт пен секс қауіпсіз болсын десеңіз/Фото: Нейрожелі көмегімен жасалған

ДДСҰ мәліметі бойынша аптап ыстық қоршаған ортадағы айтарлықтай қауіпті фактор. 2021 жылы Еуропа мен Орталық Азия елдерінде аптап салдарынан шамамен 400 бала көз жұмған. Алдағы жылдары жаһандық жылынуға байланысты ыстық жиілей, күшейе түседі деп күтіліп отыр. Төмендегі мақалада аптаптың салдарынан ағзаны қалай қорғауға болатыны, жоғары температура кімге қауіпті екені, сондай-ақ аптап кезінде қаншалықты спортпен және жыныстық қатынаспен айналысуға болатыны туралы әңгімелейміз.

Аптап ағзаға несімен қауіпті

Аптап кейде өлімге дейін әкеп соғуы мүмкін. Мұндай өлім-жітімнің ең айқын және тікелей себебі – күн өткізіп алу. Бұл ағза қатты қызып, салдарынан жүйелі қабыну реакциясы туып, бірнеше орган істемей қалатын жағдаймен сипатталады. Әсіресе, жоғары температурада жұмыс істейтін адамдарға күн өткізіп алу аса қатерлі. Айталық, шахтерлер мен шыны зауыттарының қызметкерлері жаңа жұмыс орнының алғашқы күндерінде қатерге жиі ұшырайды.

Күн өткен жағдайда алғашқы 30 минут ішінде көмек көрсетілмесе, тірі қалу ықтималдығы күрт төмендейді. Дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, мұндай жағдайлардың 80%-ы өліммен аяқталады. Күн өткізіп алу қаупіне тікелей ұшырауы ықтимал адамдардан бөлек, аптап басқа да топтар үшін өлімге душар етер себеп болуы мүмкін.

Аптаптан ең қатты зардап шегетін халық топтары:

  • қарттар, әсіресе 75 жастан асқан әйелдер;
  • созылмалы аурулары бар адамдар – жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі, Паркинсон, қант диабеті, бүйрек аурулары;
  • дене қызуын реттеу қиын адамдар – 5 жасқа дейінгі балалар, төсекке танылған науқастар, есірткі мен алкогольге тәуелді адамдар, Альцгеймер ауруымен ауыратындар;
  • ұзақ уақыт далада болатын белсенді әрекетпен айналысатын адамдар – мысалы, жүгірушілер мен велосипедшілер;
  • белгілі бір дәрілерді қабылдайтындар: нейролептиктер, седативтер, бета-блокаторлар, диуретиктер, антигистаминдер мен антихолинергиялық препараттар;
  • далада жұмыс істейтін, қол еңбегімен айналысатын немесе ыстық ғимараттарда көп уақыт өткізетін адамдар.

Аптап психикалық денсаулыққа да кері әсер етеді. Қатты ыстық кезінде адамдар психикалық бұзылыстар бойынша жедел жәрдемге жиі жүгінетіні, өзіне қол жұмсау және күш қолданылған қылмыстардың саны артатыны байқалған. Ақырында, аптап ұйқы сапасын да нашарлатады. Бұл жалпы хал-ахуал мен психикаға әсер етеді.

Аптапта өзіңе және өзгеге қалай көмектесуге болады

Сусыздануға жол бермеңіз. Жеткілікті мөлшерде шамамен сағатына 1 стақан немесе күніне 2–3 литр сұйық нәрсе ішкен жөн. Ең абзалы су, сұйылтылған жеміс шырындары немесе майсыз сүт. Тәтті газдалған сусындардан, алкоголь мен кофеині бар ішімдіктерден аулақ болыңыз – олар ағзаның сусыздануына ықпал етеді. Мұндайда несептің түсі жақсы көрсеткіш бола алады – егер ашық сабан түстес болса, ағзада су жеткілікті деген сөз, ал егер күңгірт болса, ағза сусыздануға ұшыраған болуы әбден мүмкін.

Күн сәулесінен қорғаныңыз. Қолдан келсе, күн шақырайып тұратын кезде 11:00-ден 16:00-ге дейін үйде немесе көлеңкеде болыңыз. SPF 30 немесе UVA қорғанысы 4–5 жұлдыз болатын күннен қорғайтын кремді молынан жағыңыз. Кремді әр 2–3 сағат сайын және шомылғаннан кейін қайта жағып тұрыңыз.

Дұрыс киім таңдаңыз. Ашық түсті, кең, табиғи тығыз маталардан тігілген киім киіңіз – ұзын жеңді көйлектер, шалбар немесе ұзын белдемшелер киген жөн. Бас киім (мысалы, қалпақ немесе панама) мен күннен қорғайтын көзілдірікті ұмытпаңыз.

Физикалық белсенділікті шектеңіз. Қатты аптап сағаттарында (11:00–16:00) ауыр жұмыс және спортпен айналыспаңыз. Мұндай белсенділікті таңертең ерте немесе кешке жоспарлаған жөн.

Ыстық, жабық кеңістіктерден аулақ болыңыз. Айталық, автокөлік салоны сияқты тар жабық кеңістіктер тез қызып кетеді. Онда балаларды, қарттарды және үй жануарларын ешқашан қалдырмаңыз.

Үйдегі салқын жағдайды сақтаңыз. Күндіз перде немесе жалюзиді жауып қойыңыз, түнде салқындағанда терезені ашыңыз. Кондиционер немесе желдеткіш (тек 40°C-тан аспайтын температурада) пайдаланыңыз. Қажет емес жарық пен құрылғыларды өшіріңіз. Егер үйде тым ыстық болса, кітапхана, кафе немесе сауда орталығы сияқты салқын жерге барыңыз.

Қызып кеткеніңізді қалай түсінуге болады

Жылу сарқылуы – ағза қызып кеткенде болатын жағдай. Бұл кезде ағза дене қызуын реттей алады: психикалық күй өзгермейді, дене қызуы айтарлықтай көтерілмейді. Симптомдары: жайсыздық сезіну, әлсіздік, жүрек айну, бас айналу, бұлшықеттің түйілуі, талып қалу.

Бұл жағдайда салқын жерге – кондиционері бар бөлмеге немесе көлеңкеге бару керек. Салқын су немесе шырын ішіңіз, электролиттері бар спорттық сусындар да жақсы көмектеседі. Балмұздақ немесе мұзды жеміс те болады. Салқын суды себелеңіз немесе матаға оралған мұзды мойын мен қолтыққа басыңыз. 30 минут ішінде денеңіз салқындап, өзіңізді жақсы сезінуіңіз керек.

Қай кезде жедел жәрдем шақыру керек

Егер жылу сарқылуы белгілері 30 минуттан кейін де басылмаса, бұл күн өткенінің белгісі болуы мүмкін. Бұл жағдайда ағза тер бөлуді тоқтатып, өзін салқындата алмайды. Күн өту – өмірге қауіпті, сондықтан дереу медициналық көмек көрсетуді қажет етеді.

Белгілері:

  • сананың шатасуы және естің бұзылуы;
  • терінің құрғауы әрі ыстық болуы, тердің болмауы;
  • тыныс пен жүректің жиілеуі;
  • дененің тырысуы;
  • 40°С және одан жоғары температура.

Жедел жәрдем келгенге дейін не істеуге болады

Егер адам есін біліп тұрса, онда тұз қосылған сусын дайындаңыз. 1 литр суға бір шай қасық тұз салып, әр 15 минут сайын жарты стақан ішкізіңіз. Егер тұзды сусын дайындау мүмкін болмаса, жай салқын су, минералды су немесе электролиттері бар спорттық сусын ішкізуге болады. Құрамында кофеин мен алкоголь бар ішімдіктер жарамайды – олар дене қызуын реттеуді қиындатады.

Зардап шеккен адамды салқындатыңыз. Оны салқын жерге апарып, жатқызып, аяғының астына шамамен 30 см болатындай биіктікке жастық, не қорап қойыңыз. Суық суға малынған матаны маңдайға, мойынға, қолтық пен шапқа қойыңыз. Егер мүмкіндік болса, адамды салқын ваннаға жатқызыңыз. Батып кетпеуін қадағалап, басын көтеріп тұрыңыз.

Ауру адамға қызу түсіретін дәрі бермеңіз. Күн өту жағдайында олар көмектеспейді, керісінше, ішкі қан кетуді күшейтуі мүмкін.

Аптап кезіндегі белсенділік: денсаулыққа қауіп төндірмей жыныстық қатынас және спорт

  • Күн белсенді емес уақытта айналысыңыз. Қызып кетпеу үшін таңғы 10–11-ге дейін немесе кешкі 17–18-ден кейін айналысқан дұрыс. Ауа ылғалдылығына да мән беріңіз, ылғал неғұрлым жоғары болса, жылу стрессі қаупі соғұрлым жоғары.
  • Бөлмені салқындатыңыз. Егер кондиционер болса, алдын ала оны 20–24°C-қа қойып қойыңыз. Кондиционер болмаса, желдеткіш пен тығыз жабылған перде көмектеседі.
  • Жыныстық қатынас кезінде ыстық емес орын таңдаңыз. Мысалы, жуынатын бөлме, кондиционері бар көлік немесе бассейн.
  • Спорт үшін салқын бөлме, саябақтар, су жағасындағы аймақтар жарайды. Энергияны көп қажет етпейтін жаттығуларды таңдаңыз. Мысалы, орташа жылдамдықтағы серуен, созылу жаттығулары, пилатес.
  • Би, аэробика, жүгіру және басқа кардио жаттығулар тек кондиционері бар ғимаратта рұқсат етіледі.
  • Ауыр жаттығулар – кроссфит, интервалды жаттығулар, күш түсіретін ауыр жаттығулар мен ашық алаңдағы командалық ойындармен аптапта айналыспаған жөн.
  • Көбірек сұйықтық ішіңіз. Шөлдегенді күтпей, үнемі ішіңіз. Бұл ереже секс пен спортқа да қатысты.
  • Душ қабылдаңыз. Белсенділікке дейін және кейін душ салқындату үшін жақсы көмектеседі. Бұл ереже де секс пен спортқа ортақ. Ылғал сүлгі мен су бүріккіштер де жарайды.
  • Өзіңіздің хал-жағдайыңыз бақылаңыз. Бас айналу, жүрек айну, әлсіздік немесе ентігу сезсеңіз, жаттығуды бірден тоқтаңыз. Әсіресе созылмалы аурулары бар, физикалық дайындығы төмен немесе егде жастағылар үшін бұл өте маңызды.

Бұған дейін, Денсаулық сақтау министрлігі жазда ыстықтан сақтану жолдары туралы ақпараттық жаднама жариялаған. Мамандардың сөзінше, ыстықтың өтуі күн өтуімен бірдей емес.

Жалпы, аптап ыстықтың денсаулыққа тигізетін зияны көп. Мәселен, Еуропада 10 күнгі аптап ыстық салдарынан 10 күнде 2300 адам қайтыс болған.

Автор: Нина Хмурчик

Сондай-ақ оқыңыз