BACKSTREET BOYS концерті: әйгілі топты әкелу қанша тұрады

Backstreet Boys концертін ұйымдастыру жөніндегі келіссөздер өткен жылдан бері жүргізілген. Бұл туралы Алматыда ұйымдастырылған баспасөз жиынында айтылды.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков әртістердің концерті әлемдік тур аясындағы гастроль емес, арнайы қала күніне орай өткізілетін ауқымды шоу екенін айтады.
Концерт қандай қаражатқа жасалады
First Media Group компаниясының басқарушы директоры Әлфия Нұрғұмарова концерт толықтай коммерциялық жоба екенін атап өтті. Оның сөзінше, концерт жеке қаражатқа жасалады, әкімдік тек қауіпсіздік жағын үйлестіруге көмектеседі.
Әртістердің гонорары
Журналистер әртістердің гонорары туралы сұрағанда ұйымдастырушылар коммерциялық құпияға сілтеп, айтқысы келмеген. Алайда «ондаған миллион доллар төлегелі жатсыздар ма» дегенде одан едәуір аз екенін айтып, «сонда қанша, 1-3 млн доллар арасы ма» деген нақтылаушы сұраққа «сол сома арасы» деп жауап берді.
Билет құны
Ұйымдастырушылар билет бағасы 40 мың мен 150 мың теңге арасында болатынын айтты. Билеттердің алдын ала сатылымы концерттің бас серіктесі Halyk банкі қосымшасының көмегімен Visa картасы арқылы 14 шілде күні сағат 11:00-де басталады. Бұл тек банк клиенттеріне арналған мүмкіндік. Ал 15 шілде 11:00-ден бастап билеттер kino.kz сайтында көпшілік үшін сатылымға түседі
Топтың Алматыдағы концерті 2025 жылғы 19 қыркүйекте Орталық стадионда өтеді. Өнер ұжымы Қазақстанға «алтын құраммен» келеді деп күтіліп отыр.
Концерт бағдарламасына топтың басты хиттері – I Want It That Way, Everybody (Backstreet’s Back), As Long As You Love Me, Show Me The Meaning of Being Lonely, Shape of My Heart, сондай-ақ соңғы альбомдарынан әндер енеді.