Бағанашылдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаевқа көшірілетін болды

Алматының Бағанашыл ықшамауданында орналасқан Алматы облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығы (Алматы облыстық №1 балалар үйі) Қонаев қаласына көшіріледі. Бұл туралы KursivMedia-ға қоғамдық белсенді Юлия Нестерова айтты.
Ақпаратты орталықтың басшылығы растады.
Орталық басшысының орынбасары Жұмагүл Батталова Алматы облыстық Білім басқармасынан 10 тамызға дейін орталық тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы бұйрық алғанын мәлім етті.
«Алматы облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «»Алматы облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орналасқан жерін келесі мекенжайға өзгерту: индекс 040800, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Д.А. Қонаев даңғылы, №33/4″, – делінген бұйрық мәтінінде.
Алматы облыстық білім басқармасы аталған мәселеге қатысты жұмыс уақытында түсінік беретінін жеткізді.
Орталықтағы дау
Наурыз айында орталық тәрбиеленушілері өздерін Алматының Бағанашыл ықшамауданында орналасқан баспанасынан шығарып, Қонаевқа көшіргелі жатқанына қарсылық білдіріп, желіде үндеу жолдаған.
Артынша, Алматы облысының Білім басқармасың өкілдері орталықты көруге барып, тәрбиеленушілер облыс әкімімен кездесетінін айтқан. Кейін тараптар кездесіп, мәселе Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мен Алматы облысының әкімдігі деңгейінде шешімін тауып, балалар ешқайда көшірілмейтіні хабарланған.
Ал мамыр айында қоғамдық белсенді Юлия Нестерова тәрбиеленушілерге қайтадан орталықтан шығып қалу қаупі төнгенін айтқан. Ол орталық басшылығы әдейі жөндеу жұмыстарын жүргізбей, ғимаратты тұруға жарамсыз деп танып, ондағы тәрбиеленушілерді шығарып жібере ме деп қауіптенетінін жеткізген. Алайда орталық басшылығы ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін смета толтырып, Алматы облыстық Білім басқармасына тиісті өтінім жолданғанын, белсендінің күдігі орынсыз екенін айтқан. Білім басқармасы Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында 2025 жылы орталыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын, мәслихат шешімін күтіп отырғанын хабарлады.