Баланы талаған қос итті жайратып салған ауыл тұрғынына марапат табысталды

30 маусым күні Алматы облысы Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында 10 жасар баланы иттердің шабуылынан құтқарып қалған тұрғын марапатталды.
Қарасай ауданының әкімдігі тұрғын Серікбек Сақайбаевтың батылдығын елеусіз қалдырмады. Оған құрмет көрсету мақсатында арнайы марапаттау шарасы ұйымдастырылған. Шара барысында тұрғынды Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтың атынан құттықтап, Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстаған.
Сонымен қатар, жиынға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков келіп, Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырған. Қарасай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов батасын беріп, бұл ерлік елге үлгі болатынын атап өткен.
«Бұл оқиға – әрбір азамат үшін үлкен сабақ. Қоғамдағы бейқамдық пен салғырттық адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Заңсыз және бақылаусыз ит ұстау деректері анықталған жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына немесе аудан әкімдігіне дереу хабарлауы тиіс. Қарасай ауданы әкімдігі Максим тезірек сауығып кетуін тілей отырып, бұл істі толық бақылауда ұстап отыр. Адам өмірі мен қоғамдық қауіпсіздік – біздің ең басты құндылықтарымыз», – делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Оқиғаның мән-жайы
Бірнеше бала ауылдағы стадион маңында ойнап жүргенде жақын жерде орналасқан есірткіден айықтыру орталығының ауласынан бірнеше ит жүгіріп шығып, балаларға қарай атылған. Үлгергені қашып құтылады, үлгермеген 9 жастағы Максимді анталаған иттер талап тастаған. Баланың беті мен құлағын жұлған. Кездейсоқ сол жерден табылған жергілікті тұрғын Серікбек Сақайбаев дереу араша түсіп, бәкісімен екі итті жайратып салған.