Жаңалықтар

Республикалық маңызы бар жолдарға ролик қоршаулар не үшін қойылып жатыр

Республикалық маңызы бар жолдарға ролик қоршаулар қойылып жатыр/Фото: ҚазАвтоЖол

«ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында заманауи ролик қоршаулар орнатуды қолға алғанын хабарлады. Мұндай нысандардың бірі Астана қаласының айналма жолында орналасқан.

Ұлттық компания аталған құрылғылар соқтығысу кезінде соққы күшін едәуір азайтып, жарақат алу қатерін төмендететінін айтады.

Роликтік қоршаулар неден тұрады

«Полиуретанды көбік материалынан жасалған айналмалы барабандар соққы кезінде кинетикалық энергияны айналу есебінен сейілтуге қабілетті. Үшөлшемді буферлік және ұстап тұру рамалары көлік қозғалысын қоршау бойымен бағыттайды, қарсы бағыттағы жолаққа немесе жол жиегіне шығып кетудің алдын алады. Берік металл тіректер қоршаудың жоғары механикалық жүктемеге төтеп беруін қамтамасыз етеді,» – дейді компаниядағылар.

Жұмыс істеу принципі

ҚазАвтоЖол мәліметінше, роликтік қоршаумен соқтығысқан кезде барабандар өз өсінің айналасында айнала бастап, соққы энергиясының бір бөлігі айналмалы қозғалысқа жұмсалады. Соққы күші Жолаушыларға тікелей берілмей, көлік құралы қоршау бойымен жайлы бағытталады.

«Бұл әсіресе қауіпті учаскелерде – бұрылыстарда, жол айырықтарында, өрлер мен еңістерде, басқаруды жоғалту қаупі жоғары жерлерде аса маңызды», – дейді компаниядағылар.

Бұған дейін компания Павлодар мен Түркістан облыстарында республикалық маңызы бар жолдардағы цементбетон жабыны не себепті көтеріліп жатқанын түсіндірген.