
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген шілде айындағы сауалнама нәтижесіне сәйкес, сарапшылар алдағы бір жылда базалық мөлшерлеме төмендеп, доллар бағамының өседі деп болжам жасап отыр.
Болжам бойынша, бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 14,75%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұған дейін бұл көрсеткіш 15,5% деңгейінде болатыны айтылған еді.
Сарапшылар мұндай түзетуді инфляциялық күтулердің қайта қаралуымен байланыстырады. Егер бұл болжам расталса, экономикадағы нақты мөлшерлеме 4,35% болады. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 4,7% деңгейінде тұр.
Сонымен қатар доллар қымбаттауы ықтимал. Сарапшылардың айтуынша, тамыз айының басында бір доллар 523,4 теңге құрайды (қазір – 519,2 ₸/$). Ал келер жылдың шілдесіне қарай бағам 548,5 теңгеге дейін көтерілуі ықтимал. Алдыңғы болжамда бұл көрсеткіштер 516,3 және 539,7 теңге болып көрсетілген еді.
Мұндай өзгерістерге, сарапшылардың пікірінше, экспорттық тауарлар бағасының тұрақсыздығы, сауда балансы артық көлемінің қысқаруы және ағымдағы шот көрсеткіштерінің нашарлауы әсер етуі мүмкін.
Мұнай бағасы да арзандайды. Сауалнама нәтижесі бойынша, келесі жылы Brent маркалы мұнай бағасы 67,1 доллар болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта оның құны шамамен 70,3 доллар.
Бұл көрсеткішке ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін арттыруы және АҚШ-тың сауда саясатындағы белгісіздік қысым түсіруі мүмкін. Дегенмен АҚШ-тағы бұрғылау белсенділігінің бәсеңдеуі мұнай бағасының құлдырауын сәл де болса тежейді.
Сонымен қатар сарапшылар ел экономикасының өсіміне қатысты да болжамын ұсынды. Келесі жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,5% деңгейінде болады деп күтілуде (бұрынғы болжам – 4,1%).
Бұл көрсеткішке мемлекеттік инвестициялардың артуы, инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы және шикізат өндірісінің ұлғаюы оң әсер етеді деп есептеледі.
Соңғы 30 күннің ішінде АҚШ валютасы шамамен 11 теңгеге күшейген.