Қазақстанның сыртқы борышы 170,5 млрд долларға жетті

2025 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанның сыртқы борышы 170,5 млрд АҚШ долларын (88 трлн теңге) құрады. Бұл көрсеткіш жыл басымен салыстырғанда 5,7 млрд долларға артқан. Ұлттық банк статистикасына сәйкес, сыртқы борыш төлем балансы операциялары (3,4 млрд доллар) мен валюта бағамының өзгерісі (2,3 млрд доллар) есебінен өскен. Яғни доллардың қымбаттауы салдарынан сыртқы қарыз құны 4 айда 2,3 млрд долларға қымбаттаған.
Сыртқы борыштың құрылымы қандай?
Сыртқы қарыздың негізгі бөлігі – ұзақ мерзімді борыш. Яғни өтеу мерзімі бір жылдан асатын қарыз үлесі 87,1%-ды құрайды. Бұл жағынан алғанда, Қазақстанның өтімділік тәуекелдері төмен. Алайда ұзақ мерзімді қарыздар нарықтағы өзгерістер: пайыздық мөлшерлеме мен валюта бағамының ауытқуына сезімтал болады.
Секторлар бойынша бөлетін болсақ:
- Тікелей инвестициялар аясындағы фирмааралық берешек – 92,4 млрд доллар;
- Басқа секторлардың қарызы – 48,7 млрд доллар;
- Банктердің берешегі – 14,6 млрд доллар
- Мемлекеттік басқару секторы алған қарыз – 12,6 млрд доллар
- Орталық банктің борышы – 2,2 млрд долларды құрайды.
Бұл құрылымнан Қазақстанның жалпы сыртқы қарызының айтарлықтай бөлігі жекеменшік және квазимемлекеттік секторлар үлесінде екенін көруге болады.
Қазақстан қай елдерге қарыз?
Қазақстан 190-на аса ел мен халықаралық ұйымдардан қарыз алған. Соның ішінде ТОП-ондыққа кіретін ірі кредиторлар:
№ | Ел немесе ұйым | Қарыз көлемі (млрд АҚШ доллары) |
---|---|---|
1 | Нидерланд | 41,75 |
2 | Ресей Федерациясы | 14,88 |
3 | Ұлыбритания | 13,98 |
4 | Халықаралық ұйымдар (IMF, Дүниежүзілік банк, т.б.) | 13,97 |
5 | АҚШ | 11,03 |
6 | Франция | 10,90 |
7 | Қытай | 10,20 |
8 | Бермуд аралдары | 9,36 |
9 | Бөлінбеген (нақты ел көрсетілмеген) | 8,50 |
10 | Біріккен Араб Әмірліктері | 5,52 |
Бұл елдер Қазақтанға қарызды негізінен несие, кредит мен борыштық бағалы қағаздар түрінде берген.
Қазақстанның сыртқы борышы соңғы жылдары біртіндеп өсіп келеді. Қарыз құрылымының басым бөлігі жекеменшік сектор мен фирмааралық инвестициялар есебінен қалыптасқанымен, елдің халықаралық міндеттемелерді өтеу қабілеті әлі де тұрақты.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының есептеуінше, Қазақстан биыл сыртқы борышын өтеуге 45 млрд доллар жұмсайды.
Ұлттық банк статистикасына сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы 1,1 млрд долларға өскен.