Қаржыдан идеяға дейін: Тимур Турлов құрған экожүйе турасында

Жарияланды 10 Шілде 2025 08:04

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Фото: Валерий Аяпов

Бүгінгі Қазақстан қаржы нарығын Тимур Турлов есімінсіз елестету мүмкін емес. Ол – жай ғана кәсіпкер емес,  технология, жаһандық трендтер мен әлеуметтік жауапкершілік тоғысқан жаңа экономикалық дәуірдің өкіліне айналған тұлға.

1987 жылдың 13 қарашасында Мәскеуде дүниеге келген Тимур Турлов мектеп жасынан бастап инвестицияға қызығушылық танытқан. Бұл қызығушылық оны осы салаға алып келді.

«Freedom» философиясының пайда болуы

2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысы басталған тұста Турлов өзінің жеке инвестициялық компаниясын – Freedom Finance-ты құрды. Бұл батыл шешім еді, бірақ тарих көрсеткендей, дәл осындай өтпелі кезеңдерде мықты компаниялар дүниеге келеді. Ол алғашқы күннен бастап клиенттерге жаһандық нарықтарға, соның ішінде АҚШ-тағы IPO-ға тікелей қолжетімділік ұсынды. Бұл ТМД нарығы үшін мүлде жаңа мүмкіндік болатын.

2011 жылдан 2021 жылға дейін Турлов компанияны бас директор ретінде басқарды. Осы он жыл ішінде «Фридом Финанс» Ресей, кейін Қазақстан қор нарығының жетекші ойыншыларының біріне айналды. 2018 жылы компания «Қаржы элитасы» сыйлығын жеңіп алып, «ең қарқынды дамыған брокер» атанды.

Қазақстанға көшу: жаңа даму кезеңі

2012 жылы Тимур Турлов отбасымен бірге Қазақстанға көшіп келіп, бизнесін осында дамытты. Ол брокерлік компаниясын тіркеп, қазіргі таңда Қазақстан қор биржасының ең белсенді қатысушысына айналды. 2022 жылы Қазақстан азаматтығын алды. Бұл шешім оның Қазақстанға ұзақмерзімді инвестиция салу туралы ойы мен сенімін көрсетті.

Freedom Holding Corp. – жаһандық деңгейдегі серпіліс

2015 жылы Турловтың барлық компаниялары бір брендке бірігіп, Freedom Holding Corp. холдингі құрылды. 2019 жылы ол NASDAQ биржасына FRHC тикерімен шықты. Бұл ТМД елдерінен шыққан алғашқы қаржы компаниясы үшін тарихи оқиға болды. Осыдан кейін холдингтің акциялары қарқынды түрде қымбаттап, компания құны 2024 жылға қарай 6 млрд долларға жетті. Ал 2025 жылы 9 млрд доллардан асты.

Бүгінде Freedom Holding Corp. 22 елде өкілдігі бар халықаралық қаржы тобы. Қазақстандағы Freedom экожүйесі мына компанияларды біріктіреді:

  • Freedom Broker
  • Freedom Bank
  • Freedom Insurance
  • Freedom Life
  • Freedom Telecom
  • Arbuz.kz онлайн-супермаркеті
  • Freedom Travel турсервисі
  • Freedom Ticketon
  • Freedom Mobile дүкендер желісі
  • Freedom Drive автоқызметтер платформасы
  • және тағы басқалар.

Қаржылық нәтижелер және даму

2025 фискалдық жылында (2024 сәуірінен 2025 наурыздың соңына дейін) Freedom Holding Corp. компаниясының табысы 2,1 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23% артық. Таза пайда 84,5 млн доллар. Холдингтің активтері бір жылда 8,3 млрд доллардан 9,9 млрд долларға дейін өсіп, 19% артты. Комиссиялық табыс 505 млн долларға жетіп, 15%-ға көбейді. Бұл өсім жеке клиенттердің саны мен белсенділігінің артуымен тікелей байланысты.

2025 жылғы мамырда Freedom Holding Corp. акциялары 163,6 долларға дейін өсіп, бір ай ішінде 32,94%, ал жыл басынан 24,89%-ға дейін қымбаттады. Бұл ретте Қазақстан қор биржасында 14 мамырдағы сауда-саттықта акция бағасы 163 долларға дейін көтерілген еді. Осы орайда Тимур Турлов 2024 жылы Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде екінші орынға көтерілгенін айта кету керек. Оның байлығы 5,8 млрд долларға бағаланады, Forbes жаһандық рейтингінде ол 605-орынды иеленді.

Қайырымдылық пен қоғамдық қызмет

Тимур Турлов әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық бастамаларға ерекше назар аударады. 2023 жылы оның Холдингі әлеуметтік жобаларға  жалпы сомасы 120 млн доллар бөлді. Бүгінгі күні Қазақстан шахмат федерациясының президенті, жасөспірімдерге арналған QJ League футбол лигасының құрылтайшысы және қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Сонымен қатар Тимур Турлов басқаратын Холдинг бір жылда Қазақстан шахмат федерациясының дамуына 11 млн 222 мың доллар аударғаны белгілі болды. Бұл туралы Freedom Holding Corp. жылдық есебінде жазылған.

2023 жылдың соңында оның бастамасымен Qalam атты жаңа медиа-платформа іске қосылды. Бұл Қазақстан мен Орталық Азияның көзімен әлем тарихы мен мәдениетіне арналған мультимедиялық жоба.

2024 жылдың мамырында Турлов БҰҰ Жаһандық келісімінің Орталық Азиядағы Консультативтік комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл оның тұрақты даму мен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласындағы қызметінің мойындалуы деуге болады.

Трейдерліктен басталған дара жол

Тимур Турловтың дара жолы – бұл жүйелі дамудың, батыл шешімдердің және тұрақты құндылықтардың үлгісі. Ол трейдер ретінде бастап, халықаралық холдингке дейін өсті. Бүгін оның ықпалы тек қаржы саласымен шектелмейді – ол жаңа мүмкіндіктер әлемін қалыптастыруға тікелей әсер етіп отыр. Бүгінгі күні ол бұл мақсатына қарқынды түрде жақындап келе жатқаны анық.

Сондай-ақ оқыңыз