
Астанада өтіп жатқан Comic Con Astana-2025 гик-мәдениет фестивалінің аясында «Аниме дубляжы: қазақша даббинг» атты шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Іс-шараны Anidybys дубляж студиясы танымал блогер DickThor-мен бірлесіп өткізді.
Шара қазақ тілінде өтті және анимені дыбыстауға қызығатын жастарды, шығармашылық мамандықтарда оқып жүрген студенттерді, сондай-ақ болашақ дубляж актерлерін бір алаңға жинады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеберлік сабағына жоғары қызығушылықтың болуы қазақтілді дубляжға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетті.
Қатысушылар тек кәсіби кеңестер тыңдап қана қоймай, дубляж актерінің рөлін өздері де сынап көру мүмкіндігіне ие болды.
Қазақ тіліндегі аниме
Шеберлік сағаты барысында сөз алған Anidybys студиясының негізін қалаушы, дубляж режиссері әрі дыбыс маманы Диас Балаби аниме дубляжындағы шығармашылық үдерістер туралы кеңінен айтып берді. Кадр сыртындағы және синхронды дыбыстаудың ерекшеліктерін түсіндіріп, қазақ тіліне анимені бейімдеудің өзекті тұстарын да атап өтті.
«Біз анимені жай ғана дубляждамаймыз, біз қазақ тілді медиаконтент жасаймыз. Қазақ тілі қазіргі заманғы, жастарға жақын стильде естілуі тиіс. Аниме – осы бағытта үлкен мүмкіндік. Мұнда ынталы, талантты жастардың көп болғаны қуантады», – деді Диас Балаби.
Шара аясында практикалық сабақтар да өтіп, қатысушылар өз дауысын микрофон арқылы кейіпкерлерге салып көруге мүмкіндік алды.
Comic Con Astana-2025: байқаулар мен жұлдыздар
Фестиваль 13 шілдеге дейін жалғасады. Бағдарламада халықаралық косплей байқауы бар, оның жалпы жүлде қоры 15 млн теңгені құрайды.
Comic Con-ның басты хедлайнерлері – Голливуд актерлері Энди Серкис, Эсай Моралес және Скотт Эдкинс.