Спортшыларға бейәдеп сөз айтуға және дінді насихаттауға тыйым салынды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: Shutterstock

Қазақстанда спортшылар, жаттықтырушылар мен спорт төрешілеріне қатысты этика талаптары енгізілді. Енді оларға бейәдеп сөздер қолдануға, діни көзқарасын жария көрсетуге және діни үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады. Бұл туралы 2025 жылғы 27 маусымда Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қол қойған «Қазақстан Республикасының спорттық этикасын бекіту туралы» бұйрығында жазылған.

Екі бөлімнен тұратын құжат

«Спорттық этика» ережесі екі бөлімнен тұрады: жалпы ережелер және тәртіп қағидалары.

Жалпы ережелерде жаттықтырушы, төреші, спорттық жарыс, спорттық іс-шара және спорттық этика ұғымдарына анықтама беріледі. Құжатта спорттық этика – спортшыларға, жаттықтырушыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға және төрешілерге арналған мінез-құлық нормаларының жиынтығы ретінде сипатталған.

Этикалық тәртіп ережелері

Екінші бөлім – спортшылар мен мамандардың мінез-құлқына қойылатын талаптарды нақтылайды. Атап айтқанда:

  • Спортшылар бейәдеп сөз қолданбауы,
  • Жаттығу барысындағы ақпаратты жария етпеуі,
  • Қазақстан беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуы тиіс.

Сондай-ақ, қоғамдық орындарда мас күйінде жүруге, өзгелерге қоқан-лоқы жасауға, дискриминациялық әрекеттерге, саяси сипаттағы демонстрацияларға қатысуға қатаң тыйым салынады.

Діни мәселеге де ерекше назар аударылған. Құжатқа сәйкес, спортшылар мен жаттықтырушылар діни көзқарасын ашық көрсетпеуі, өзгелерді діни бірлестікке тартпауға, сондай-ақ миссионерлік қызметпен айналыспауға міндетті.

Мемлекеттік Гимн мен төрешілер шешіміне құрмет

Этикалық ережелерге сәйкес, спортшылар:

  • Мемлекеттік Гимн орындалған сәтте құрметпен қарауы,
  • Төреші шешіміне сабырмен қарауы,
  • Пікірталасты көпшілік алдында өршітпеуі,
  • БАҚ өкілдерімен сыпайы, салиқалы қарым-қатынаста болуы,
  • Жас спортшыларға үлгі болатындай әрекет көрсетуі қажет.

Қашан күшіне енеді?

Бұйрық ресми жарияланған күннен кейін он күн өткен соң заңды күшіне енеді. Яғни, жаңа ереже шілде айының ортасында ресми түрде қолданысқа енгізіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сауд Арабиясында қазақстандық спортшы қамауға алынған еді.

Сондай-ақ оқыңыз