
Қазақстандық актриса әрі әнші Жанар Айжанова Оңтүстік Кореяның танымал актері Им Шиванмен түскен суреттері мен видеосын әлеуметтік желіде жариялап, қазақстандық желі қолданушыларын тәнті етті. Аталған видео 2022 жылы Пусанда өткен халықаралық кинофестиваль кезінде түсірілген.
«Кальмар ойынының» жұлдызы – қарапайым әрі сыпайы
Видеода Жанар Айжанова өзін комедиялық актриса әрі әнші ретінде таныстырады. Оның айтуынша, Им Шиван Қазақстаннан келген әртіспен кездескеніне таңғалған. Жазба сипаттамасында Айжанова оңтүстіккореялық жұлдызды «өте жақсы әрі қарапайым адам» деп атап, әзілдеп «Қазақстанға қонаққа келуге уәде берді» дейді. Сонымен қатар, қос әртістің де кино мен музыканы қатар алып жүргенін ерекше атап өткен.
TikTok-тағы видео миллионнан астам қаралым жинады
Жанар Айжанова бұл кездесудің видеосын TikTok желісіне жүктеген. Бейнежазба қысқа уақыт ішінде 1 млн-нан астам қаралым жинап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оқырмандар Жанар апайдың халықаралық деңгейдегі жұлдызбен қатар тұрғанына тәнті болды.
Пікір жазушылардың көбі жылы лебіздерін білдіріп, әзіл-қалжың аралас пікірлер қалдырған:
«Жанар апай, сіз VIP екенсіз!», «Шиваннан 4-маусым қашан шығады деп сұрадыңыз ба?», «Сізді шетел жұлдыздары таниды екен ғой!».
Осылайша, Жанар Айжанованың қарапайым әрі әсерлі видеосы отандық аудиторияны бір қуантты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда «Кальмар ойыны» сериалына арналған ескерткіш орнатылғаны туралы жазған едік.