Жаңалықтар

Бес жыл бұрын жүргізілген саяси реформа ауылдарды басқару ісіне қалай әсер етті

әкім сайлауы
Елдің 17 облысында жалпы саны 2 969 әкім сайланған / Фото: gov.kz; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бес жыл бұрын жүргізілген саяси реформа ауылдарды басқару ісіне айтарлықтай өзгеріс әкелген. Бұл салада жүргізілген жұмыс нәтижелері туралы өзінің телеграм арнасында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жазған.

«Бес жыл бұрын саяси реформалар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмін енгізу туралы бастама көтерген болатын.
Соның нәтижесінде, кейінгі жылдары ауыл әкімдерінің корпусы 100 пайыз жаңартылды», – дейді ол.

Айтуынша, елдің 17 облысында жалпы саны 2 969 әкім сайланған. Соның ішінде 864 әкім өзін-өзі ұсынған. Ал 283 ауыл мен ауданды әйел-әкімдер басқарып отыр. Бір қызығы, сайланған әкімдердің дені бұған дейін мемлекеттік қызметте істемеген. Яғни оларды халық өзі таңдаған.

«Жаңа әкімдердің басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін айта кету керек. Халық сеніміне ие болған азаматтардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, шаруалар, кәсіпкерлер, жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары бар. Бүгінде ауыл әкімдерінің орташа жасы – 44 жас. Сайлау нәтижесінде ауыл әкімдерінің корпусы жан-жақты жаңартылды», – дейді Қарин.

Мемлекеттік кеңесші елдегі басқару жүйесі әлі жетілдірілетінін атап өткен. Ал осы жылдан бастап, ірі аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы сайлау тетігі енгізіледі.

«Былтыр барлық өңірде 45 аудан әкімін сайлау пилоттық режимде өтті. Ал биылдан бастап қазіргі аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің өкілеттіктері аяқталуына қарай сайлау тікелей дауыс беру арқылы өткізіледі. Осылайша, Қазақстанда саяси реформаларды жүзеге асыру үдерісі жалғасып, мемлекеттік қызмет саласында түбегейлі өзгерістер жасалып жатыр», – дейді мемлекеттік кеңесші.

Осыған дейін Қарин Конституцияға енгізілген өзгерістер мен рефрендум нәтижелері туралы пікір білдірген болатын. Айтуынша, жүргізілген саяси реформа елде оң өзгерістерге алып келген.