Жаңалықтар

Жарты жылда Солтүстік өңірлерге 2 мыңнан астам адам қоныс аударған

Солтүстік өңірлерге 2202 адам қоныс аударған
Солтүстік өңірлерге 2 мыңнан астам адам көшкен / Фото: kursiv.media

Жарты жыл ішінде Солтүстік өңірлерге 2202 адам қоныс аударған. Ал жыл соңына дейін жұмыс күші тапшы аймақтарға 10 мыңға жуық адамды көшіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 2 202 адам, оның ішінде 1 091 қандас және 1 111 қоныс аударушы көшіп келді. Осы жылдың соңына дейін 9 653 адамды көшіру жоспарлануда», – делінген баспасөз хабарламасында.

Министрлік тарапынан барлық қоныс аударушыларға тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілген.

Ерікті қоныс аударушылар қандай өңірлерді таңдады?

Ерікті қоныс аударушылар мынадай өңірлерге көшкен:

  • Павлодар облысы – 672 адам;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 532 адам;
  • Қостанай облысы – 330 адам;
  • Ақмола облысы – 215 адам;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 214 адам;
  • Абай облысы – 145 адам;
  • Атырау облысы – 90 адам;
  • Ұлытау облысы – 4 адам.

Қандастар қай елден қоныс аударды?

Атажұртына қоныс аударған қандастар мынадай елдерден келген:

  • Өзбекстаннан – 396 адам;
  • Моңғолиядан – 310 адам;
  • Қытай Халық республикасынан – 286 адам;
  • Ресейден – 52 адам;
  • басқа елдерден – 47 адам.

Көшіп келген азаматтардың ішінде 790 адам еңбекке қабылетті. Бүгінгі таңда олардың 374-і тұрақты жұмысқа орнадасқан. Ал 10 адамның жеке кәсібі бар.

«Қоныс аударушылар мен кандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және т.б. салалар бойынша жұмысқа орналасты» – делінген баспасөз хабарламасында.

Қоныс аударғандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Негізінен мынадай жеңілдіктер қарастырылған:

  • отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275 240 теңге) мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия беріледі;
  • отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке (58 980 – 117 960 теңге) дейінгі мөлшерде 12 ай бойы тұрғын үй жалдауға, коммуналдық төлемдерге субсидия қарастырылған;
  • қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама беріледі;
  • жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік бастама дамытуға көмек көрсетіледі;
  • экономикалық ұтқырлық сертификаттары беріледі;

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге де мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Яғни жұмыс беруші қоныс аударған қызметкерді тұрғын үймен қамтамасыз етіп, кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылдаса мемлекет әрбір қызметкер үшін 400 АЕК (1 572 800 теңге) мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия төлейді. .