Жаңалықтар

Әзербайжанда «Вагнер» құрамында соғысқан екі азамат қамауға алынды

Әзербайжанда қамауға алынғандар басқа да қылмыс жасаған / фото: KursivMedia мұрағаты
Әзербайжанда қамауға алынғандар басқа да қылмыс жасаған / фото: KursivMedia мұрағаты

Әзербайжанда «Вагнер» құрамында соғысқан екі азамат қамауға алынды. Бакудің Сабайыл аудандық соты осындай шешім шығарды.

Әзербайжанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі жүргізіп жатқан қылмыстық іс аясында Рамиль Алиев (1991 ж.т.) пен Исмаил Гасановқа (1974 ж.т.) қатысты бұлтартпау шарасын – қамауға алуды қолдану туралы сот отырысы өтті.

Oxu.Az. ақпаратына қарағанда, МҚҚ-ның жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде шетелде және Әзербайжан аумағында түрлі қылмыс жасаған азаматтар анықталып, ұсталып, тергеуге берілген.

Бұл азаматтар шетелдік түрмелерде қасақана кісі өлтіру және өзге де ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан кезінде «Вагнер» қарулы тобының бұрынғы басшысы Евгений Пригожиннің жеке таңдауы бойынша бостандыққа шығарылып, келісілген ақша үшін әртүрлі әскери операцияларға қатысуға тартылған.

Олар түрлі елдерде әскери дайындықтар мен ұрыстарға қатысып, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды пайдаланған. Сонымен қатар, Әзербайжан азаматтарын шетелдегі әскери операцияларға тарту мақсатында белсенді түрде үгіт-насихат жүргізген.

Қазіргі уақытта Рамиль Алиев пен Исмаил Гасановқа және олардың басқа да қылмыстық әрекеттеріне қатысты тергеу жалғасуда.

Сот шешімі бойынша екеуі де төрт айға қамауға алынды.

Мұның алдында Әзербайжанда Ресейлік Sputnik агенттігінің кеңсесінде тінту болды.