Павел Дуров 30 минутта 12 миллион доллар тапты

Павел Дуров Снуп Доггтың Telegram туралы клипі арқылы небәрі отыз минутта 12 миллион доллар тапты. Әңгіме цифрлық сыйлықтар туралы болып отыр.
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров рэпер Снуп Доггпен бірлесіп жасаған цифрлық сыйлықтар топтамасы қысқа уақыт ішінде толық сатылып кеткен.
Telegram-арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, америкалық орындаушы стилінде жасалған NFT форматындағы дербес цифрлық сыйлықтардың миллионға жуық данасы небәрі 30 минутта түгел сатылған. Жалпы, сатылым құны 12 миллион доллар болған.
«Telegram-дағы Снуп Доггтың цифрлық коллекциялық заттары небәрі 30 минутта сатылып, сатылым айналымы 12 миллион доллар болды», – деп жазды Дуров.
Сонымен қатар, ол блокчейн негізіндегі минтингтің толық іске қосылуы мен осы коллекциялық бұйымдарға арналған екінші нарықтың 21 күннен кейін ашылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл оқиға үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Бұл жаңалық 9 шілде күні кешке шыққан Снуп Доггтың Gifts атты жаңа әніне түсірілген бейнебаянынан кейін жарияланды. Аталған композиция Telegram мессенджеріндегі TON блокчейнінде жұмыс істейтін цифрлық сыйлық функциясының жарнамалық интеграциясы ретінде жасалған.
Мұның алдында Дуров 100 баласы бар екенін мойындап, мұрагерлік хат дайындағанын айтқан еді.