Семей ядролық полигоны: тарихы, радиация және денсаулық. Қазіргі ахуал қандай?

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Семей полигонындағы жарылыс / Фото: ЖИ, бильд-редактор: Юлия Петрова
Семей полигонындағы жарылыс / Фото: ЖИ, бильд-редактор: Юлия Петрова

Семей ядролық сынақ полигоны – атом дәуірінің ең қасіретті символдарының бірі. Қырық жыл бойы, 1949 жылдан 1989 жылға дейін, Қазақстан даласында 468 ядролық сынақ өткізілген. 1949 жылғы 29 тамызда алғашқы жарылыс болды. Бұл Кеңес Одағының қарулану жарысының басталуына және жаңа дәуірдің келуіне жол ашты.

Басқа полигондардан айырмашылығы, Семей полигоны маңында адамдар мекен етіп тұрған. Ондаған мың отбасы көкжиектен жарқыл көріп жүрген. Бірақ жарқылмен бірге үйлеріне радиоактивті шаң кіретінін білмеген де еді. Жарылыстар тоқтаса да, топырақта, суда, адамдардың денсаулығы мен жадында зардабы әлі де бар. Бұл жерде кезінде құпия болған сынақтардың бүтін бір өңірдің өміріне қалай әсер еткені туралы сөз қозғалады.

Құпия нысан қалай бүкіл халықтың қасіретіне айналды

1947 жылдың көктемінде Игорь Курчатов басқарған комиссия ядролық сынақтар жүргізуге арналған орынды таңдап алған еді. Бұл теміржол мен Ертіс өзеніне жақын орналасқан, логистикасы ыңғайлы, шөлді дала болатын. Оларға бәрі керемет көрінді. Халқы аз аудан және сынақ құпиясын сақтау оңай.

1963 жылға дейін бомбалар атмосферада жарылды. Отты шарлар жер бетін күйдірді. Ал радиоактивті стронций‑90 мен цезий‑137 бөлшектері желмен жүздеген шақырымға дейін тарады. Алтай мен Батыс Сібірге дейін жетті. Ядролық қаруды атмосферада сынауға тыйым салу жөніндегі келісімге қол қойылғаннан кейін жарылыстар Дегелең жотасындағы жер асты тоннельдерінде жүргізіле бастады. Алайда жер астында да қауіп сейген жоқ. 1964 жылдың тамызында болған апат кезінде радиация полигон аумағынан шығып кетіп, салдарын жоюмен айналысқан әскерилер сәулеленді.

1980 жылға қарай шындықты жасыру мүмкін болмай қалды. Семейдегі № 4 диспансер дәрігерлері балалар арасында онкологиялық аурулардың өскенін тіркеді. Дәл осы кезеңде жазушы әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Невада – Семей» атты антиядролық қозғалыс құратынын жария етті. Төрт ай ішінде қозғалысқа екі миллион адам қосылды. Алматыдағы митингілер Қорғаныс министрлігін өз жоспарларын қайта қарауға мәжбүр етті. 1991 жылдың 29 тамызында президент Нұрсұлтан Назарбаев полигонды жабу туралы жарлыққа қол қойды. Содан бері бұл күн Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күні болып аталып келеді.

Радиоактивті мұра: топырақ, су, ауа

Семей полигоны Бельгиямен шамалас аумақты алып жатыр. Шамамен 18 500 шаршы шақырым. Оның 10%-ға жуығы – техникалық аймақтар. Онда топырақ жарылыстардың әсерінен балқып, радиоактивті әйнекке айналған. Бүгінде де кей эпицентрлерде радиациялық фон қалыпты деңгейден жүздеген есе жоғары. Үй жануарлары бұл ластанған аймақтарға еркін кіре алады.  Демек радионуклидтер ет пен сүт арқылы адам ағзасына түсуі мүмкін.

Мемлекеттік деңгейде топырақ пен суға мониторинг жүргізіледі. Бірақ жылына небәрі 300-500 сынама ғана қамтылады. Салыстырмалы түрде айтсақ, Ұлыбританияда 1957 жылы Уиндскейл зауытында болған апаттан кейін жүздеген мың сынама алынған. Эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, қазіргі шаралар толыққанды көрініс жасауға жеткіліксіз.

Кейбір учаскелерде жерасты сулары уран мен плутонийдің нормадан жоғары мөлшерін әлі де сақтап отыр. Ұлттық ядролық орталықтың зерттеушілері «ыстық линзалар» деп аталатын – радионуклидтер жиналған аймақтарды анықтауда. Бұл қауіпті заттар Ертіске қарай көшуі мүмкін. Ал шаңды дауылдар плутоний-239 бөлшектерін таратады. Бұл жартылай ыдырау мерзімі 24 мың жыл болатын ең қауіпті изотоптардың бірі. Ғалымдардың есептеуінше, кейбір учаскелердегі ластану он мыңдаған жыл бойы қауіп төндіруі мүмкін.

1965 жылы 140 килотонна қуатты бар бір заряд өзен арнасының астында жарылып, Чаган немесе «Атом көлі» пайда болды. Сол кезде судың өзі кеміргіштерді өлтіріп, балықтарда ісік пайда болған. Қазір радиациялық фон біршама төмендеген. Бірақ түбіндегі лай әлі де радиоактивті. Соған қарамастан, бұл жерге туристер барады. Гидтер респиратор мен дозиметр талап етеді. Бірақ бұл қауіпсіздік шаралары жеткіліксіз.

Семей полигоны несімен қауіпті

Семей ядролық полигоны бүгінге дейін радиация таратып жатқан аймақ болып отыр. Соңғы жарылыстан ондаған жыл өтсе де, сәуле адамның денсаулығына әсер етіп жатыр. Тек сынақ кезінде жақын жерде болғандарға емес, олардың ұрпақтарына да кесірін тигізеді.

Күшті сәуле дозасы –4–5 зиверт немесе шамамен 500 рентген. Бұдан зардап шеккендердің жартысы бір ай ішінде өлуі мүмкін. Жергілікті тұрғындар жарылыстан кейін адамдарда жүрек айну, күйік, шаш түсу белгілері байқалғанын еске алады. Ол кезде мұндай жағдайларды «тұмау» деп бүркемелеген.

Десе де, одан да қауіптісі – ұзақ мерзім бойы аз мөлшерде сәулелену. Ол бірден байқалмайды. Бірақ ағзаға жиналып, ДНҚ-да мутацияға әкеледі. Қан тамырларын тез қартайтады. Иммунитетті әлсіретеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Семей өңірінде инфаркт, инсульт пен қант диабеті ел бойынша орташа деңгейден 30%-ға жиі кездеседі.

Онкология – ең ауыр зардаптардың бірі. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстары қатерлі ісікпен қайтыс болу көрсеткіші бойынша алда тұр. 100 мың адамға шаққанда 95 жағдай (ел бойынша орташа – 70) тіркеліп отыр. Радиациялық мүгедектікке берілген өтініштердің 70%-ы онкологиялық ауруларға байланысты.

Атом ғасырының куәгерлері әлі арамызда

Кейінгі жылдары қатерлі ісік жастардан да жиі байқалады. Лейкоз бен қалқанша безі ісігі 30 жасқа жетпегендерде де кездеседі. Қауіпті аймақта өскен жасөспірімдерде генетиктер хромосомалық мутациялар байқалады. ICAN халықаралық ұйымының есебі бойынша, әлемдегі ядролық сынақтар шамамен 2,4 миллион адамның онкологиялық дертке шалдығуына себеп болған. Соның ішінде Семей полигонының «үлесі» қомақты.

Рас, жас семейліктер сынақтарды көзімен көрген жоқ. Дейтұрғанмен, олардың салдарын сезіп келеді. Туыстарының дертке шалдыққанын көріп отыр. Әжелері мен аталарының әңгімесін естиді. Кей отбасылар өздерін «хибакуся» деп атайды. Бұл термин Жапонияда атом бомбаларынан аман қалған адамдарға қолданылады. Енді бұл сөз Қазақстан тарихының да бір бөлігіне айналды. Атом ғасырының куәгерлері әлі арамызда.

Мұның психологиялық салдары да бар. Тұрғындар арасында созылмалы күйзеліс, мазасыздық пен депрессия жиі кездеседі. Олар өз жерінде өмір сүріп жатыр. Бұл жердің қауіпті екенін де сезінеді. Бұл сезім ұрпақтан ұрпаққа беріліп, күнделікті өмірде көрініс береді. Сондықтан радиация туралы әңгіме – тек медицина емес, жады, қабылдау және қамқорлық мәселесі.

Заң, жеңілдіктер және диспансерлік бақылау

1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының заңы бойынша полигон аумағын бес аймаққа бөлді:

Экстремалды аймақ – сәуле мөлшері 100 сЗв-тан асады;

Максималды аймақ – 35–100 сЗв аралығында;

Күшейтілген аймақ – 7–35 сЗв аралығында;

Минималды аймақ – 0,1–7 сЗв;

Жеңілдік берілетін аймақ – сәуле мөлшері 0,1 сЗв-тан аспайды.

Алғашқы үш аймақта тұратын азаматтар өтемақы алады. Зейнетке ерте шығады және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Семейдегі № 4 диспансерде 32 000 хибакуся –сәуле алған адам тіркеуде тұр. Жыл сайын мобильді бригадалар ауылдарға барып, флюорография, қалқанша бездің УДЗ-сы және қан талдауларын жүргізеді. 2015 жылдан бастап зардап шеккендерге телемедицина да қолжетімді болды. Осы уақыт ішінде 18 000-нан астам онлайн-консультация берілген.

Отыз жыл өтсе де, барлық мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Ең ластанған жерлерді тазарту, сынақтардан қалған радиоактивті металл қалдықтарын жою және қоршаған ортаны тұрақты бақылау мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр.

Тазарту және ғылыми жобалар

Полигон жабылғаннан кейін де жұмыс тоқтаған жоқ. Қайта жаңа кезең басталды. 1999 жылы МАГАТЭ аумақтың 85%-ын қауіпсіз деп таныды. Сонда да қауіпті аймақтарды оқшаулап, арнайы бақылауға алуды ұсынды. Ғалымдар мен экологтар жерді тазартуға, радиациялық бақылауға және радиоактивті заттардың таралуын болдырмауға күш салып келеді.

Алайда отыз жылдан соң да түйткіл тартылған жоқ. Әлі күнге дейін ең көп ластанған топырақтарды тазарту, сынақтан қалған радиоактивті металл қалдықтарын жою және қоршаған ортаны тұрақты бақылау мәселесі өткір күйінде қалып отыр.

Эколог-энтузиастар ластанған ошақтарды нақты әрі жүйелі түрде жою жұмыстарын бастауды талап етіп отыр.  Олардың бірі – Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан Дмитрий Калмыков. Қазір ол Семей полигонына билік назарын аударуға тырысып жүр. Оның айтуынша, халық қауіп туралы әлі де толық құлақтандырылмаған.

Дегенмен оң өзгерістер де жоқ емес. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы жыл сайын полигон аумағындағы топырақ, су, өсімдіктерге зерттеу жүргізіп отырады. Негізгі мақсат – ластану картасын құрастыру. Ғалымдар радионуклидтердің жерасты суларымен қалай қозғалатынын немесе өсімдіктерде қалай жиналатынын анықтап жатыр. Бұл мәліметтер халықты қорғауға бағытталған тиімді шараларды жасау үшін аса маңызды.

Қазір полигон айналасындағы жерлердің болашағы талқыланып жатыр. Кейбір фермерлер мен жергілікті билік өкілдері бұл аймақтарды ауыл шаруашылығына пайдалануға рұқсат беру қажет деп есептейді. Өйткені олардың пікірінше, арада жеткілікті уақыт өтті, радиация деңгейі төмендеді. Енді мал жаюға және егін егуге болады. Олар стронций-90 мен цезий-137 секілді қауіпті элементтер он жылдар ішінде ыдырап, қауіпсіз деңгейге жетті деп сендіреді.

Бірақ ғалымдар бұл пікірмен келіспей отыр. Себебі полигонда плутонийлік зарядтар да сыналған. Ал плутоний – аса ұзақ ыдырайтын, қауіпті элемент. Плутоний мен уран изотоптары әлі де топырақта сақталып, келешек ұрпаққа қауіп төндіреді. Сондықтан бұл жерлерді ашу – адам денсаулығын тәуекелге тігу деген сөз.

Ықтимал шешім де айтылды. Ластануы төмен бөліктерді ауыл шаруашылығына қайтаруға болады. Десе де, радиация деңгейі өте жоғары «ыстық нүктелер» әлі ұзақ уақытқа дейін жабық аймақ ретінде қала бермек.

Билік не істеп жатыр?

Халықаралық аренада Қазақстан Семей полигонының трагедиясын әлемге тарихи сабаққа ретінде көрсетіп келед. Полигон жабылғаннан кейін еліміз өз еркімен әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан бас тартып, ядролық қаруды таратпау жөніндегі барлық негізгі халықаралық келісімдерге қосылды.

Полигонды толық қауіпсіздендіру және ластанған жерлерді жою үшін үш басты міндетті жүзеге асыру қажет. Олар:

Үздіксіз мониторинг – радиациялық датчиктер орнатып, ластану картасын жасау және мәліметтерді ашық жариялау.

Медицина және ақпараттандыру – жаппай медициналық скрининг, психологиялық көмек, мектептерде тарих сабақтарын оқыту.

Тұрақты даму – қауіпсіз жұмыс орындарын құру және ластанған аумақта тұратындарға әділ өтемақы беру.

Семей полигоны – құпия әскери нысаннан бүкіл адамзат үшін ескертуге айналған орын. Радиоактивті сәуле көзге көрінбегенімен, оның ізі жер мен суда, адам генінде және отбасы естеліктерінде сақталып отыр. Бұл тарихтан алынатын басты сабақ – өткеннің қателіктерін қайталамау және келешек үшін жауапкершілікпен әрекет ету.

Сондай-ақ ядролық саясат жөніндегі сарапшы, Семей полигоны туралы «Атом улаған дала» кітабының авторы Тоғжан Қасенова Qalam-ға сұхбат берген еді.

Автор: Юлия Лебедева

Сондай-ақ оқыңыз