
10 шілдеде биткоин алғаш рет 112 мың доллар межені еңсеріп, жаңа рекорд тіркеді. Бірақ қазір BTC шамамен 111 мың доллардан саудаланып жатыр.
Bitcoin криптовалютасының құны бейсенбіде 3,1%-ға көтеріліп, 112 009 доллар болды. Ал бір жылдық өсімі 20%-ға дейін көтерілді.
Bloomberg агенттігі биткоин өсімін «спекулятивті импулс» деп атады. Оған мысал ретінде сәрсенбі күні Nvidia компаниясының нарықтағы құнының 4 трлн долларға жеткенін келтірді. Бұған қоса, S&P 500 индексі де өзінің ең жоғарғы көрсеткішіне жақындай түскен.
Агенттіктің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа баж салықтарын жариялап жатқан уақытта, тез ақша табуды қалаған инвесторлар қаржы нарығындағы тартысқа қосылған. Криптовалюта нарығындағы өсімді спекулятивті импулс деп атауының бір себебі осы.
«Әлемді саяси тұрақсыздық жайлаған уақытта инвесторлар құны жоғары активтерге ұмтылады. Сол кезде алтынға баламаға айналған биткоинға сұраныс көбейеді», – деп мәлімдеді Hunting Hill Global Capital компаниясының негізін қалаушы Адам Гурен Bloomberg-ке.
Дегенмен материал жарияланған сәтте BTC құны қайтадан түсіп жатқанын көріп отырмыз – қазір ол шамамен 111 мың доллар тұрады. Ал биткоинның нарықтағы құны 2,2 трлн доллар. Бір күн бұрын криптовалюта капиталы 2,164 трлн доллар болған.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы мамырдың аяғында биткоин құны 111 мың доллардан асқан еді. Себебі сол уақытта АҚШ сенатына стейблкоиндерді реттеу жөніндегі заң жобасы түскен.
Ал 2025 жылғы наурызда Трамп стратегиялық криптовалюта резервін құру керек деп мәлімдеген. Крипто саласындағы ірі компаниялардың дені кезінде АҚШ президентінің сайлауда екінші мәрте жеңіске жетуіне көмектескен. Оның үстіне, Құрама Штаттарда криптовалюта жөніндегі алғашқы саммит биыл 7 наурызда Ақ үйде өткен.