Омарханов Уимблдон турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстандық жас теннисші Әмір Омарханов Уимблдон турнирінің ширек финалына өтті. 17 жастағы қазақ спортшысы мен ресейлік Егор Плешивцев жұбы сәрсенбі күні жеңіске жетті.
Әмір мен Егор жастар арасындағы турнирдің ең мықты екінші жұбы Якопо Вазами/Тимофей Дерепаскодан басым түсті. Матч 6:3, 6:2 есебімен аяқталды.
Енді Омарханов/Плешивцев жартылай финалға өту үшін Криш Тьяги/Доиг Коннор жұбымен кездеседі. Ойын бейсенбі, 10 шілдеде өтеді.
Өкінішке қарай, қазақ теннисшілері Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай жұбы 1/8 финалдағы кездесуде жеңіліп қалды. Олар 3:6, 6:4, 8:10 есебімен Джаггер Лич/Оливер Бондинг жұбына есе жіберді.
Осылайша, Уимблдон-2025 ірі турнирінде Қазақстаннан жалғыз ғана Әмір Омарханов қалды. Қалған теннисшілер жарыс жолын ерте аяқтаған.