Lifestyle

Mazda жаңа CX-5 кроссоверін ресми түрде таныстырды

Жаңа Mazda CX-5 2025 жылдың соңына дейін сатылымға шығады деп күтілуде / Фото: Mazda

Жапондық автокөлік өндіруші Mazda үшінші буындағы CX-5 кроссоверін ресми түрде таныстырды. Жаңа модель брендтің болашақ автокөліктеріне негіз болатын жаңартылған дизайнмен жабдықталған.

2026 жылғы Mazda CX-5 моделі 2,5 литрлік атмосфералық қозғалтқышпен жабдықталған. Қозғалтқыш қуаты — 187 ат күші. Сондай-ақ, көлікте 6 сатылы автоматты беріліс қорабы және толық жетек жүйесі бар.

Mazda компаниясы көліктің нақты габариттерін әлі жарияламағанымен, жаңа буын моделі алдыңғы нұсқасына қарағанда ұзынырақ екені айтылды. Бұл дөңгелек базасының ұзаруына байланысты. Соның арқасында артқы қатардағы жолаушыларға арналған кеңістік және есік ойықтары кеңейген. Бұл — бұрынғы модельдерге қатысты Mazda тұтынушылары жиі айтқан басты шағымдардың бірі болатын.

Фото: Mazda

Жаңа CX-5 2025 жылдың соңына дейін сатылымға шығарылады деп күтілуде. Бағасы кейінірек жарияланады.

Салонға келсек, жаңа Mazda CX-5 көлігі брендтегі ең үлкен — 15,6 дюймдік дисплеймен жабдықталған. Ерекше назар аударарлығы — аспаптар панелінде де, беріліс тетігі жанында да бірде-бір физикалық батырма жоқ. Бұрынғы модельдердегі дыбыс деңгейін басқару тетігі мен контроллер толығымен алынып тасталған. Енді барлық басқару тек сенсорлық экран және рульдегі басқару элементтері арқылы жүзеге асырылады. Алайда рульдегі батырмалар – физикалық, сенсорлы емес.

Фото: Mazda

Айта кетейік, бұған дейін Mazda өкілдері көлік салонында тым үлкен экрандарды орнатуға қарсы екендерін мәлімдеген болатын. Соған қарамастан, жаңа буындағы кроссовер бұл үрдістен тыс қалмады.

Айта кетейік, осыған дейін Mazda CX-5 кроссоверінің дизайны Toyota RAV4-ге ұқсайтын жайлы жазған едік.