Жаңалықтар

«Мақтамыз қурай бастады»: Жетісайда мақташылар ағын су беруді сұрайды

Жетісайда мақташылар ағын су беруді сұрайды / фото: ашық дереккөз

Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс аулында 1200 гектар егіндік жер бар. Шаруалар жалпы 9 жүз гектарына мақта еккен. Ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі – осы егін.

Ауыл тұрғыны Бауыржан Нарбаевтың айтуынша, 8 гектар жерге – мақта, 3 гектар жерге қауын еккен. Биыл ағын судың жоқтығынан егіні қурай бастаған.

«Қазір белден болуы керек мақтамыз тізеден келіп тұр. Өйткені мақтаны еккен кезде суғардық, кейін су болмай қалды. Шілдеге дейін тағы екі рет суғаруымыз керек еді. Су әне келеді, міне келеді деумен уақыт өтіп жатыр. Өткенде су ресурстары және ирригация министрі келіп «2 күнде су келеді, уайымдамаңыздар» деп уәде берген еді. Арадан екі апта өтті. Су жоқ. Қазір мақта күйіп жатыр» дейді диқан.

Шаруаның айтуынша, биылдыққа мақта бір-ақ рет суғарылған. Мұны сор шаю суы деп атайды. Одан кейін арыққа су келмей қалған.

«Биыл елдің бәрі түріктің қымбат шитін еккен. Оның келісін 2500 теңгеден сатып алдық. Жақсы өнім алу үшін мақтаға осы уақытқа дейін 2 рет су беру керек еді. Ал біз бір рет те суғанған жоқпыз. Су сұрап әкімшілікке барамыз, Қазсушарға барамыз. «Міне, келеді, кете беріңіздер» дейді. Әбден уәдеге тойдық. Талабымыз, бізге су керек, болды» дейді ол.

Диқандар облыстық ауылшаруашылығы басқармасына су жайын жеткіздік дейді.
Бұған дейін шаруалар суды Өзбекстаннан алып келген. Биыл Өзбекстан тарабы суды тоқтатып отыр дейді олар.

“Биыл су тапшы болатынын не келмейтінін алдын ала ешкім ескертпеді. Мұндай су тапшылығы соңғы 10 жылда болмаған. Күн өткен сайын егініміз күйіп барады. Мақтаның да бағасы арзан. Тағы бір апта су келмесе гүлдеп, көсектей бастаған мақтаның өзі қурап, таяғы ғана қалады. Ондайда шығынымызды кім өтейді?» дейді Бауыржан Нарбаев.

Қазсушар кәсіпорны Түркістан облыстық филиалының инжинері Серік Әбдікәрімұлы диқандардың айтқанымен келіспейді. Ол мақта қурай бастады дегенді жоққа шығарады. Айтуынша, Жетісай ауданына су Достық каналы арқылы Өзбекстаннан келеді. Өзбекстан жағында апат болып, ағын су уақытша тоқтаған.

«Судың төмендегені рас. Алайда су қалпына келтірілді. Су төмендегенде 3 күн азайды. Бірақ қалпына келтіріп жатырмыз. Ертең су жүйесі қалпына түсетін болады. Су қалыпты жағдайда келіп жатқан. Мұндай жағдай болады. Өйткені біздің басымызда су қоймасы жоқ. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан су бастау алатын болғандықтан жолда апаттық жағдайлар болып, азаю, көбею жайы болады» дейді Серік Әбдікәрімұлы.

Ол диқандардың жаз бойы ағын су берілмеді, мақта қурай бастады деген сөзімен келіспейді. «Ағын судың төмендегі рас, бірақ болмай қалған жоқ. Осы жылы қуаңшылық жыл, су тапшы» деді ол.

Маусым айында Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде аймақтағы су тапшылығы туралы өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аймақта ағын су тапшылығы болу қаупі жоғары деген еді. Оның мәлімдеуінше, биыл облыста 890 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дәнді-дақылы егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектар жерге артық. Дәл осы 890 мың гектар егіндіктің 552 мың гектары суармалы жер.