Адвокаттарға мемлекет бюджетінен ақы төлеу ережелері өзгеруі мүмкін
Жарияланды

Әділет министрлігі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге жұмсалатын шығындарды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Бұл мемлекеттік бюджеттен төленетін қаражаттың ашық болуына бағытталған.
Нақты айтқанда, адвокат пен заң консультанты көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегі үшін ақша төлеу, сондай-ақ құқықтық кеңес беру, қорғау және өкілдік ету, татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығындарды өтеу қағидаларын бекіту қарастырылған.
Заң жобасында мынадай өзгерістер көзделген:
- Мемлекеттік бюджет есебінен төленетін құқықтық кеңес беру уақытының есептеу тәртібін оңтайландыру;
- Адвокаттар мен заң консультанттарының мемлекет кепілдік берген заң көмегі үшін ақы төлеу туралы өтініштерін 1 ай ішінде жолдауы қажет;
- Құқықтық кеңес беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету фактісін растайтын құжаттарды орындалған жұмыс актісіне қоса тіркеу туралы талап енгізіледі.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. 2025 жылдың 25 шілдесіне дейін қоғам талқылауында болады.