Банк пен қаржы

Мемлекеттік жобалар енді цифрлық теңге арқылы қаржыландырылады

Мемлекеттік жобаларды цифрлық теңгемен қаржыландырылады / Фото: shutterstock

Ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын жүз ірі жоба цифрлық теңге форматына ауыстырылады. Премьер-министр Олжас Бектенов осындай тапсырма берді.

«Цифрлық теңге бюджет қаражатын мақсатты пайдалануда толық ашықтықты және жүйелі бақылауды қамтамасыз етеді. Ақшаны таңбалауды кеңейтуді тиімді жүзеге асыру үшін ақпараттық жүйелердің «Цифрлық теңге» платформасымен уақтылы интеграциялануын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тиісті нормативтік құқықтық базаны пысықтау талап етіледі. «Боялған ақша» тетігін енгізу сапалы және толық көлемде жүзеге асырылуы тиіс. Жақын арада Ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын кемінде жүз ірі жобаны «цифрлық теңге» форматына ауыстыруды тапсырамын», – деп атап өтті ол.

Ұлттық банктің цифрлық трансформациялау жетекшісі Бинұр Жаленов сөзінше, қазірдің өзінде оннан астам бағыт бойынша цифрлық теңге қолданылады. «Павлодар – Атырау» және «Мұқыр – Құлсары» жобаларында, «Достық – Мойынты» темір жолының және «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры учаскесінің құрылысында пайдаланылды.

Алдағы уақытта «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырын, газ бөлу кешені және «Бақты – Аягөз» теміржол учаскесі сияқты жобаларды цифрлық теңгемен жүзеге асыру жоспарланған.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сөзінше, қазір айналымға 257,5 млрд цифрлық теңге шығарылған.

Цифрлық теңгенің негізгі артықшылығы – олар бағдарламалауға және таңбалауға икемді. Бұл қаражаттың қозғалысын қадағалауға және мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік береді.