
Алматы облысының Білім басқармасы Алматыдағы Бағанашыл ауданында орналасқан Арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау өңірлік орталығының тәрбиеленушілері Қонаевқа көшірілетініне байланысты пікір білдірді.
Басқарма дерегінше, орталықтың көшірілуіне ғимаратың апаттық жағдайда болуы себеп.
«1963 жылы салынған ғимарат қазіргі таңда әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған. 2024 жылы «Астанақұрылыссервис» ЖШС жүргізген техникалық зерттеу нәтижесінде ғимараттың тірек құрылымдарында жарықтар анықталып, жылу және сумен жабдықтау жүйелері толық тозғаны және қайта қалпына келтіруге келмейтіні анықталған. Нысан санитарлық, өрт қауіпсіздігі және құрылыс талаптарына сәйкес келмейді. Айта кету керек, қазіргі ғимаратта бір ғана зал асхана, акт залы және спортзалды қатар алмастырып отыр. Бұл балалардың толыққанды дамуы мен қауіпсіздігіне кедергі келтіретіні анық», – делінген басқарма хабарламасында.
Осыған байланысты 2025 жылғы 9 шілдеде Алматы облысы әкімінің №207 қаулысы, 2025 жылғы 10 шілдедегі Білім басқармасының №494-н бұйрығы шығып, тәрбиеленушілерді кезең-кезеңімен 180 орындық жаңа Балалар үйіне көшіру жұмыстары басталған.
«Бұл нысан жеке инвесторлардың қаражатына салынған және мемлекет меншігіне сыйға берілген. Жаңа ғимарат балаларға арналған мекемелерге қойылатын заманауи стандарттар мен талаптарға толық сәйкес келеді», – дейді басқармадағылар.
Ақпаратқа қарағанда, алдымен 1-4 сыныптарда оқитын 44 бала көшірілмек. Үлкен жастағы тәрбиеленушілердің көшірілуі білім беру үдерісінің тұрақтылығы мен әлеуметтік бейімделуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізілгелі отыр.
«Қазіргі уақытта мекемеде 171 бала тәрбиеленуде, олардың 125-і – жетім балалар, 46-сы – өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар. Мекемеде 85 қызметкер, оның ішінде 42 педагог жұмыс істейді», – делінген хабарламада.
Басқарма балаларды Қонаев қаласындағы жаңа мекемеге көшіру олардың қауіпсіздігін, сапалы білім мен медициналық қызмет алу құқығын және жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен.
Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram парақшасында облыс әкіміне сілтеп, орталықтан барлық бала бірден көшірілмейтінін, орталықта оқып жатқан балалар оқуын сол жерде жалғастыратынын жеткізген.
Орталықтағы дау
Наурыз айында орталық тәрбиеленушілері өздерін Алматының Бағанашыл ықшамауданында орналасқан баспанасынан шығарып, Қонаевқа көшіргелі жатқанына қарсылық білдіріп, желіде үндеу жолдаған.
Артынша, Алматы облысының Білім басқармасың өкілдері орталықты көруге барып, тәрбиеленушілер облыс әкімімен кездесетінін айтқан. Кейін тараптар кездесіп, мәселе Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мен Алматы облысының әкімдігі деңгейінде шешімін тауып, балалар ешқайда көшірілмейтіні хабарланған.
Ал мамыр айында қоғамдық белсенді Юлия Нестерова тәрбиеленушілерге қайтадан орталықтан шығып қалу қаупі төнгенін айтқан. Ол орталық басшылығы әдейі жөндеу жұмыстарын жүргізбей, ғимаратты тұруға жарамсыз деп танып, ондағы тәрбиеленушілерді шығарып жібере ме деп қауіптенетінін жеткізген. Алайда орталық басшылығы ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін смета толтырып, Алматы облыстық Білім басқармасына тиісті өтінім жолданғанын, белсендінің күдігі орынсыз екенін айтқан. Білім басқармасы Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында 2025 жылы орталыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын, мәслихат шешімін күтіп отырғанын хабарлады.
Енді міне, орталық ақыры Қонаевқа көшірілетін болды.