Жаңалықтар

Мамандық пен университетті қалай таңдау керек

Мамандық пен университетті қалай таңдау керек/Фото: shutterstock

13 шілдеден бастап грант конкурсына құжат қабылдау басталады. Әлі де нақты қандай мамандыққа, қай оқу орнына тапсыратыныңызды білмей жүрсеңіз, төмендегі кеңестерге назар сала отырыңыз.

Мамандық таңдау

Сарапшылар мамандыққа келгенде, саналы таңдау жасау үшін ішкі дауысты тыңдау керегін айтады. Ал сол ішкі дауыс бірдеңе деп, адастырмауы үшін белгілі бір жайттарға сүйенген дұрыс.

Психолог Евгений Климовтың пікірінше, таңдау сәтті болуы үшін үш басты факторды ескеру қажет:

  • «Мен не қалаймын» – бұл адамды шабыттандыратын, жүрегімен тартатын, ықыласпен істейтін нәрсе болуға тиіс.
  • «Қолымнан не келеді» – қабілет, дағды мен әлеует түйіскен тұс.
  • «Бұл қаже пе» – өзіңізге ұнайтын әрі қолдан келетін жұмыс қоғамға қажет, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға тиіс.

Егер таңдауыңыз осы үш нәрсеге сай келіп тұрса, қателеспейсіз.

Бойыңызда үшеуінің бәрі бірдей табылмаса

Бір мамандықты ынтаңызбен қалап тұрасыз, бірақ қолдан келе бермейді әрі қоғамға қажет емес болуы мүмкін. Онда мұны нағыз мамандыққа емес, жай хоббиге айналдыруға болады.

Мамандықты аса ұнатпай, тек қолдан келетін болғаннан кейін таңдағалы тұрсаңыз, мұндай жұмыс аса тарта қоймайтынын, уақыт өте жалығып кетуіңіз мүмкін екенін ескеріңіз.

Мамандықты қажет болғаны үшін таңдасаңыз, ниет те болмай, өндіріп істей де алмай күйзеліске түсіп, эмоционалдық тұрғыда ерте күйіп кетуіңіз мүмкін.

Мамандық өмірлік іске айналуы үшін қызығушылығыңды жүзеге асыратын орта мен тиісті жағдай болып, ол өзгелердің кәдесіне жарап, қажеттілігін өтеп тұрғаны маңызды.

Мамандық таңдауда жиі жіберілетін қателіктер:

  • Cәнді, танымал мамандықты таңдау;
  • Мектептегі сүйікті пәндерге ғана сүйену;
  • Ата-ананың немесе достардың ықпалымен таңдау жасау.

Ұнайтын мамандық табу тәсілдері

1. Түрлі профориентациялық тестер. Мұндай тестер нақты мамандықты көрсетпесе де, белгілі бір қызмет саласына бейімділікті анықтауға көмектеседі. Интернетте мұндай тестер өте көп. Солардың бірін enbek.kz сайтынан өтуге болады. Алайда кез келген тест – диагноз емес, бағыт сілтеуші құрал ғана екенін ескеру керек. Нәтиже күмән тудырса, оны ата-анамен, мұғаліммен немесе кәсіби кеңесшімен талқылаған жөн.

2. Ұнатқан мамандық бойынша жұмыс барысымен танысу. Ол үшін экскурсияға барып, іс-тәжірибеден өтіп, шеберлік сыныптарына қатысып көруге болады. Өзіңізді қызықтырған саланың мамандарымен әңгімелесіп, істің мән-жайына қанығуға болады.

3. Ваканциялар жариялайтын hh.kz, enbek.kz сияқты порталдардан қай өңірде қандай мамандарға сұраныс бар, жалақы деңгейі қай шамада екенін біліп, қандай дағдыларды талап ететінімен танысып шыққан да артық етпейді.

Жоғары оқу орнын қалай таңдау керек

Бұл сұраққа бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетовтің кеңестерін ұсынамыз.

1) Университет рейтингіне сеніп қалмау керек. Экс-министрдің сөзінше, көптеген рейтингтер университеттің шынайы сапасы мен деңгейін әрдайым растай бермейді. 

2) Университеттің беделі мен оны жұмыс берушілердің мойындауы маңызды. Deloitte, KPMG, ТШО, банктер, Ritz, Rixos қонақүйлер желілері, ірі IT және басқа да жетекші компаниялар қай университеттердің түлектерін қуана қабылдайтынын білген жөн.

3) Оқуға түскен студенттердің барлығы оқуды сәтті аяқтап жатса, ондай университет білім сапасына аса мән бермеуі мүмкін. Бұл көрсеткіш үлгерімі төмен студенттер де оқуын жалғастыра береді деген сөз. Ал оқуға түскен студенттердің 20 пайыздан астамы оқудан шығып қалып жатса, онда ол оқу орны үлгерімге мән беретінін аңғартады.

4) Университетте ірі жұмыс берушілер мен халықаралық компаниялармен тәжірибеден өту туралы келісім бар-жоғына мән беруге болады.

5) Әлеуметтік игіліктердің болуы маңызды түлектер үшін жатақхананың, ыстық тамақтың бар-жоғына (мысалы, ЖенПУ-де бар), студенттік бастамаларды қолдау сияқты мәселелерге назар аудару керек.

6) «Жекеменшік немесе мемлекеттік университеттер» дилеммасы қазір өзекті емес. Сапалы білім берсе, қай-қайсынына да түсуге болады.