Жаңалықтар

Соңғы кезде қандай цифрлық қызметтер пайда болды

Соңғы кезде қандай цифрлық қызметтер пайда болды/Фото: Gov.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде әділет органдарында цифрлық шешімдерді енгізу барысымен танысты.

Олжас Бектенов цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу барлық саланың даму тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы күні кеше іске қосқан суперкомпьютер еліміздегі цифрлық дамудың жаңа парағын ашып отыр. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер, сондай-ақ, аймақтағы ең қуатты есептеп шығару құрылғысы. Оның мүмкіндіктері мемлекеттік органдар, ғылыми институттар, жоғары оқу орындары мен бизнес үшін қолжетімді болмақ. Сондықтан барлық ведомстволар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жиында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев саланың цифрлық трансформациясы және жаңа сервистерді енгізу туралы баяндама жасады.

«E-нотариат» жүйесі. 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап «Тараптардың жеке кабинеті» пайда болды. Функция борышкерге атқарушы жазбаға онлайн режимде келісім немесе қарсылық білдіруге мүмкіндік береді.

«Цифрлық ассистент». Жүйе қаулыларды бақылауға және қарызды онлайн төлеуге мүмкіндік береді, жеке сот орындаушылары (ЖСО) үшін орындау мерзімі туралы еске салу функциясы енгізілді.

«Е-Сараптама». Тірі адамдарды куәландыру бойынша пилоттық модуль. Мұндай цифрлық шешім ұйғарым беруді және тексеру шаблондарын пайдалануды автоматтандыру есебінен сот сараптамаларының сапасын арттыруға бағытталған.

«Цифрлық консультант». «Әділет» және «Е-Заң көмегі» жүйелерінде пайда болған азаматтарға типтік үлгідегі құқықтық сұрақтар бойынша автоматты түрде ақыл-кеңес беретін сервис.

Сондай-ақ министрлік авторлық құқықтарды ұжымдық негізде басқару үшін зияткерлік меншік бойынша Бірыңғай цифрлық платформа құру туралы заң жобасына бастамашылық жасаған. Сервистің тұсаукесері 2026 жылға жоспарланған.

Бұған дейін, президент су саласын цифрландыру жұмыстарын сынаған болатын.