Жаңалықтар

Жекеменшік мектеп ретінде әрекет ететін алаяқтар шыққан

Жекеменшік мектеп ретінде әрекет ететін алаяқтар шыққан/shutterstock

Астана қаласының әкімдігі соңғы уақытта жекеменшік мектеп, колледж, орталық ретінде бүркемеленген алаяқтық әрекеттер жиілегені туралы хабарлады.

Олар заңсыз әрекеттерін көбіне қарапайым жарнама жүзеге асыратын болған. Әкімдік осыған байланысты елорда тұрғындарын сақ болуға шақырып, білім беру ұйымын таңдағанда кей маңызды жайттарға назар аударуға үндейді.

«Атап айтқанда, мекеменің ресми тіркелгенін және лицензиясының барын тексеру қажет. Ата-аналардың пікірлері мен ұйымның беделіне мән беріңіз. Шартқа қол қоймас бұрын құжаттармен мұқият танысыңыз. Егер күмән туындаса – келісімнен бас тартқан жөн», – дейді әкімдіктегілер.

Алаяқтықтың негізгі белгілері:

  • көрсетілетін қызметтер бойынша нақты ақпарат пен ресми құжаттардың болмауы;
  • заңсыз алдын ала төлем талап етілуі, түбіртектердің берілмеуі;
  • уәкілетті органдар берген лицензиялар мен рұқсаттардың болмауы, Ұлттық білім беру деректер базасында (ҰБДБ) тіркелмеуі;
  • шарттың болмауы немесе оның түсініксіз мазмұны.

Әкімдік осындай алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда прокуратура, полиция, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Оқу-ағарту министрлігі немесе жергілікті білім басқармасына жүгіну керектігін ескертеді.

Бұған дейін, Алматы қалалық полиция департаменті азаматтарды халықаралық жүргізуші куәлігін беруге уәде ететін компаниялардан сақ болуға шақырған.