Жылу мен судың ақшасын төлемегендердің мүлкіне тыйым салынып, шоты бұғатталып жатыр

Алматы жылу желілері жылу энергиясы үшін миллиардтаған қарызды төлемеген тұрғындардан сот арқылы өндіріп алады. Осы үдеріс аясында мүлікке және банктік шоттар мен шетелге шығуға тыйым салынады. Сонымен қатар қарызды толық өтемейінше, оларға ыстық су беру тоқтатылады.
Биыл жыл басынан бері Алматыда жылу энергиясы үшін төлем жасамаған 600-ден астам абонентке ыстық су беру шектелген. Сонымен қатар заңды тұлғаларға сотқа дейінгі 3345 талап жіберілген.
Жылумен және ыстық сумен жабдықтау үшін қарызы бар 5184 тұрғыннан қарызды өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізілген. Ол үшін сотқа талап-арыз берілген, сондай-ақ нотариустарға атқарушылық жазбалар жасау үшін арыздар жолданған.
Бүгінде коммуналдық қызметке төлем жасамаған 1 754 борышкерге қатысты шектеу шаралары қабылданған:
- 926 борышкердің мүлкіне тыйым салынған (жылжитын және жылжымайтын);
- 822 банктік шот бұғатталған;
- 254 борышкерге қатысты елден тыс жерге шығуға тыйым салынған;
- 144 азаматтың жалақысы мен өзге де табысынан берешек ұсталды.
Бүгінде алматылықтардың пайдаланған ыстық су мен жылу үшін жиынтық қарызы шамамен 2 млрд теңге.
Бұған дейін, ел үкіметі азық-түлік арзандайды, коммуналдық тариф өспейді деп есеп берген.