Жаңалықтар

«Самұрық-Энерго» акционеріне 20,6 млрд теңге дивиденд төледі

«Самұрық-Энерго» қанша дивиденд төледі / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахатм Зиперов

«Самұрық-Энерго» компаниясы 2024 жылдың қаржы нәтижелері бойынша жалғыз акционеріне 20,57 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі. Бұл ақпарат Қазақстан қор биржасына (KASE) ұсынылған ресми хабарламада жарияланды.

Компанияның мәліметінше, дивиденд төлеу туралы шешім акционерлердің мүдделерін қорғауға бағытталған, сондай-ақ компания жарғысы мен бағалы қағаздарды шығару проспектісіне сәйкес қабылданған.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Ал қор үкіметке тиесілі. Демек, төленген дивиденд мемлекет пайдасына бағытталған.

«Самұрық-Энергоның» қаржы есебіне сәйкес, былтыр таза пайдасын екі есе арттырған. 2023 жылы компания 57,4 млрд теңге таза пайда тапса, былтырғы таза пайдасы 112,9 млрд теңгеге жетті.

«Самұрық-Энерго» – Қазақстандағы ең ірі электр энергетикалық холдингтердің бірі. Оның құрамына бірнеше стратегиялық маңызды өндірістік нысан кіреді. Атап айтқанда, Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2, сондай-ақ Екібастұз көмір бассейніндегі «Богатырь Көмір» кәсіпорны топқа тиесілі.